Аудан прокуратурасының бастамасымен З.Жарқынбаев атындағы №202 орта-мектебінде «Армандар орындалады» жобасы аясында оқушылармен кездесу өткізілді.
«Армандар орындалады» жобасының негізгі мақсаты – оқушыларға арман құндылығы туралы түсініктерін арттыру, арманның мәні, арманға жету жолдары туралы өзіндік пікірін қалыптастыру және кәмелетке толмағандармен жасалатын немесе оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық құқықтық түсіндіру болып табылады.
Кездесуге арнайы шақыртылған спикерлер: «Жастар театрының» директоры, айтыскер-ақын Мансұр Нұрмат Абдоллаұлы және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Республикалық «Дегдар-Ньюс» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Жареке Үйтолған Найзағұлқызы қатысты.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Сүлейменов Ғани ашып, Жареке Үйтолған, Мансұр Нұрмат жастарға ұлы мақсатқа жету жолында жақсы білім алып, адал еңбекпен армандаған жетістікке жетуге болатындығын айтса, аудан прокуроры Есжанов Шыңғыс құқықтық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы мен әрбір адамның жауаптылығы туралы жеткізді.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылар мамандық таңдау кезінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешуге, оларды өз пікірін еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға және адам өмірінде мамандықтың алатын орны, маңызы туралы түсіндіріп өтті.
Шара соңында оқушылар сауалдарын қойып, өз пікірлерімен бөлісті.