Ел бірлігі — маңызды құндылықтарымыздың бірі. Татулық пен келісім тек, мемлекеттік саясатта ғана емес, қоғамда, ұжымдарда және барлық жерде де дәріптелуі қажет. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында «Қоғамдағы татулық пен келісім, ұлттық бірегейлік, бұл жәй ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек. Қазақстанда өмір сүріп жатқан этнос өкілдері үшін, аса қымбатты құндылық. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында ғана, біз бейбіт өмір сүріп жатырмыз» деп атап өтті.
Осы ретте Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы ақпараттық түсіндіру тобы №176 орта мектебінде кездесу өткізді. Оған облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров, «Құқықтану» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Қуаныш Жарекеев, мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Топ мүшелері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатын негізге ала отырып, дамудың даңғыл жолына түсудегі тұрақтылықтың маңыздылығын тілге тиек етті. Сонымен бірге, Амал, Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі туралы кеңінен тарқатып айтты. Биылғы Наурыз мерекесінің тойлану ерекшелігіне де тоқталды.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Сыр өңірінде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында қолға алынған ауқымды істер, этномәдени бірлестіктердің жұмыстары, өңірімізде мекен еткен барлық этнос өкілдері достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауы жолындағы еңбектері жайлы да айтып өтті.