Жаңақорған ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» акциясы өтті. Игі шараға аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, ардагерлер, ерікті жастар мен аудан тұрғындары қатысып, туған жерді көгалдандыруға атсалысты.
Акция барысында аудан әкімі қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау мен көгалдандыру әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. 
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Жолдауында еліміздің таза, тартымды әрі мәдениетті болуы керектігін атап өтті. Шын мәнінде, тазалық әр адамның күнделікті өмірінен басталады. Туған жердің көркеюі мен қоршаған ортаның таза болуы – баршамызға ортақ міндет. Жыл басынан бері ауданымызда «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған жұмыстарға 83 мыңнан астам жерлесіміз қатысып, 11 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар 460 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, тазалық жұмыстарына 370 арнайы техника жұмылдырылды.
Бүгінгі акцияға қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып отырған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Жарқынбек Ғалымжанұлы.
Айта кетейік, бүгінгі жалпыұлттық акция аясында аудан көлемінде 2 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды.
Туған жерді таза ұстау – ортақ жауапкершілік. Ал оны көркейту – келер ұрпақ алдындағы міндет.