Қазалы ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентінде өткен тазалық жұмыстары Әйтеке би, Жанқожа батыр және Желтоқсан көшелерін қамтыды. Көше бойындағы қоқыстар жиналып, бей-берекет өскен шөптер шабылды.
Сондай-ақ қоғамдық орындар мен көше аумақтары тазартылып, ретке келтірілді.
Жалпы сенбілікке 143 мекемеден 2456 адам қатысып, 6 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде полигондарға 15,5 тонна қоқыс шығарылды.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқан орталық көшелерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аралау барысында кент әкімі мен жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма беріп, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды міндеттеді.
Айта кетейік, аудан орталығындағы сенбілік жұмыстары Қазалы мәдени-демалыс кешені аумағында «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» акциясымен жалғасты.