ЖАЛАҒАШТЫҢ ТАҒЗЫМ АЛЛЕЯСЫНДА ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК КӨБЕЙЕДІ

Ауданда «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» атты экологиялық акция өтті.
Тағзым аллеясында ұйымдастырылған игі шараға аудан әкімі Ерлан Төрәлиев, ардагерлер, мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілер қатысып, ағаш көшеттерін отырғызды.
Акция барысында аудан әкімі табиғатты қорғау, қоршаған ортаны көгалдандыру және елді мекендерді абаттандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән берілуде. Туған жердің тазалығы мен көркеюі – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан әрбір азамат осындай игі бастамаларға белсенді қатысып, туған өлкесінің гүлденуіне үлес қосуы қажет», – деді Ерлан Төрәлиев.
Табиғатты аялауға үндейтін акцияның басты мақсаты – жасыл желек көлемін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жерге деген жауапкершілікті нығайту.
Ауданда көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

БӨЛІСУ