ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕНІ ТЖМ ТІКҰШАҒЫ ТӨРЕТАМНАН ҚЫЗЫЛОРДАҒА ШҰҒЫЛ ЖЕТКІЗДІ

Төретамнан Қызылордаға жаңа туған нәрестені шұғыл жеткізу мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы санитариялық рейс жасады.Нәрестеге қажетті медициналық көмекті дер кезінде көрсету үшін «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесі Қызылорда – Төретам – Қызылорда бағыты бойынша әуеге көтерілді.
Бортта ұшу экипажымен бірге медицина мамандары да болды. Олар нәрестені тасымалдау барысында тиісті медициналық сүйемелдеуді қамтамасыз етті.
Төретамнан жеткізілген сәби әрі қарай мамандандырылған медициналық көмек алу үшін ауруханаға тапсырылды.
Мұндай сәтте әр минуттың, әр секундтың маңызы зор. Қашықтық пен жол жағдайына қарамастан, санитариялық авиацияның көмегі шұғыл медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

 

БӨЛІСУ