КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ: АУДАН ӘКІМІ ТҮНГІ КІТАПХАНАҒА БАРДЫ

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Жалағаш ауданының әкімі Ерлан Төрәлиев аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлерімен бірге түнгі кітапханаға барып, кітап оқыды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, зияткерлік әлеуетті арттыру және мемлекеттік қызметшілер арасында білімге құштарлықты насихаттау.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасына сәйкес қолға алынған жоба сегіз бағытты қамтиды. Оның қатарында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын мұғалім», «Парасат», «Кітап оқитын зияткер», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын университет» және «Кітап оқитын колледж» бағыттары бар.
Кітап оқудың адам танымын кеңейтіп, ой-өрісін дамытудағы маңызына тоқталған аудан әкімі бұл бастаманың жүйелі түрде жалғасуы қажеттігін атап өтті.
Бүгінде Жалағаш аудандық кітапханасы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында күн сайын сағат 19:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл – жұмыстан қолы босамайтын оқырмандар үшін кітапхана қызметін пайдалануға берілген мүмкіндік.

БӨЛІСУ