Арал аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында қазақы дәстүрдегі жөн-жоралғыларды сақтау, той мен құдайы астағы орынсыз бәсекеге тосқауыл қою мәселелері көтерілді. «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы», «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» тақырыптарында өткен жиында діни рәсімдердегі қарапайымдылық, ысырапшылдықты шектеу, сондай-ақ зираттар мен қорымдардың тазалығын сақтау мәселелері талқыланды.
Қазақ халқы үшін той – қуанышты бөлісетін, ал қаралы жиын – қайғыны ағайынмен бірге көтеретін тағылымды орта. Алайда кейінгі жылдары осы дәстүрлердің төңірегінде орынсыз бәсеке мен даңғазалықтың белең алуы қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Әсіресе, жақынынан айырылған отбасының қайғысына қоса, ел алдындағы міндетсінген шығынның салмақ салуы – ойлануды қажет ететін мәселе.
Жетісі, қырқы, жүзі, жылы секілді рәсімдерді міндетті түрде мол дастарқанмен, қымбат ас мәзірімен өткізу керек деген түсінік қайдан қалыптасты? Марқұмды құрметтеу мен оның отбасын шығынға батырудың арасында қандай байланыс бар? Қоғамдық кеңес отырысында осы сауалдарға назар аударылды.
Жиында аудандық орталық мешіттің наиб имамы Бекжан Ильясов баяндама жасап, діни рәсімдерді өткізуде ысырапқа жол бермеу, қарапайымдылық пен қанағатты ұстану қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, марқұмға көрсетілер құрмет қымбат дастарқанмен емес, дұға бағыштап, жақсы істерін еске алумен және артында қалған отбасына қолдау білдірумен өлшенуі тиіс.
Расында, қаралы шаңыраққа барған жан дастарқанның молдығын бағалау үшін емес, қайғыға ортақтасып, көңіл айту үшін барады. Құдайы ас – бәсекенің емес, ізгі ниет пен сауапты істің көрінісі болуы керек.
Отырыс барысында тағы бір өзекті мәселе – қала, кент және ауылдық округтердегі зираттар мен қорымдардың санитарлық жағдайы, қоршауларының жай-күйі және жерлеу орындарының тазалығы сөз болды.
Аудандық мешіттің наиб имамы Нұржан Кеңесханов бұл бағытта баяндама жасап, қорымдарды күтіп ұстау, қоқыстарды тазалау, жерлеу рәсімдерін ұқыпты ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды.
Ата-баба жатқан жерге құрмет көрсету – тек құлпытас орнату немесе биік қоршау салумен шектелмейді. Зират аумағын таза ұстау, құрылыс қалдықтарын шашпау, айналасын ретке келтіру де әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Қоғамдық кеңесте көтерілген мәселелердің түпкі мақсаты – ұлттық дәстүрдің тәрбиелік мәнін жоғалтпай, қоғамды орынсыз шығын мен даңғазалықтан арылту. Дәстүрді сақтау – оның сыртқы көрінісін қайталау емес, ішкі мазмұны мен адамгершілік құндылықтарын ұлықтау.
Қуанышта қарапайымдылықты, қайғыда жанашырлықты, күнделікті өмірде қанағат пен жауапкершілікті ұстану – қоғамның ортақ мәдениетіне айналуы тиіс.