Қазалы ауданында әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл ауданда аталған санаттағы тұрғындарға арналған 50 пәтерлі 21 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған.
Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жауапты сала басшыларымен бірге нысандарды аралап, жұмыс сапасына назар аударды.
Қазіргі таңда тұрғын үйлерде ішкі-сыртқы әрлеу, есік-терезелерді орнату, ғимараттардың қасбетін қаптау және инженерлік желілерге қосу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, тұрғын үйлер Әйтеке би кентіндегі Жеті Ишан көшесінің бойында, 5-квартал аумағындағы Қали Медетбаев көшесінде және Қазалы қаласындағы Үрмәш Түктібаев көшесінің бойында орналасқан.
Аудан әкімі құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынын бақылап, мердігер мекеме өкілдеріне анықталған кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды. Сондай-ақ барлық жұмыстың құрылыс нормалары мен белгіленген талаптарға сай орындалуы қажеттігін ескертті.
Басты мақсат – тұрғындарға сапалы әрі жайлы баспана ұсыну. Сондықтан құрылыс барысында сапа талаптарының сақталуы басты назарда болуы тиіс.