Бауырлас Қырғыз елінде өтіп жатқан Көшпенділер ойындары аясында қазақ-қырғыз ақындарының VI халықаралық айтысы ұйымдастырылды. Үш күнге созылған сөз додасына қос елден 16 ақын қатысып, ұлттық өнердің мерейін үстем етті.
Қырчын жайлауында өткен халықаралық айтыста ақындар ел бірлігі, бауырлас халықтардың достығы мен татулығын арқау етіп, тарихтан тамыр тартқан рухани байланысты жырлады.
Қазақ пен қырғыздың айтыс өнері ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ дәстүрмен сабақтас. Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл сынды алыптардың сөз сайысы екі ел арасындағы мәдени-рухани байланыстың жарқын көрінісі болса, бүгінгі ақындар сол дәстүрді жалғастырып келеді.
Халықаралық аламанда Сыр елінің қос ақыны – Мейірбек Сұлтанхан мен Мұхтар Ниязов та жоғары нәтиже көрсетті. Айтыстың бас жүлдесі Мейірбек Сұлтанханға бұйырса, І орын Мұхтар Ниязов еншіледі.
Ұстаз бен шәкірт қатар сынға түсіп, қазақ-қырғыз арасындағы ғасырлық достықты, ел мен елдің ынтымағын жырға қосты. Орамды ойы, ұтқыр уәжі, айшықты тіркестері мен өрнекті мақамы арқылы көрермен ықыласына бөленген Сыр ақындары халықаралық додада қазақ айтысының абыройын асқақтатты.
Сыр елінің саңлақ ақындарының бұл жеңісі – өңірдегі айтыс өнерінің биік деңгейін танытқан тағы бір айтулы жетістік.
