Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды. Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге назар аударды.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте ұлттық жобаны өңірде сапалы әрі мерзімінде жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Аймақ басшысы «Қызылорда электр тарату тораптары», «Қызылорда су жүйесі» және «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемелеріне ұлттық жоба аясында электр, жылу, ауызсу және кәріз желілерін жаңғырту жұмыстарын сапалы әрі уақытылы ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, Табиғи монополияларды реттеу департаментіне жобаларды коммуналдық кәсіпорындардың тарифтік сметасына енгізу рәсімдерін жеделдетуді міндеттеді.
– Тұрғындарды коммуналдық қызметтермен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Сондықтан барлық жауапты мекемелер жұмысты үйлесімді ұйымдастырып, жобалардың орындалу мерзімі мен сапасына ерекше жауапкершілікпен қарауы қажет, – деді облыс әкімі.
Ұлттық жоба инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның тозуын азайтып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Осы мақсатта өңірде электрмен жабдықтау, жылумен қамту, ауызсу және су бұру жүйелерін жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Биыл облыста бюджет қаражаты есебінен, несие тартпай, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған 20 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар жалпы құны 12 млрд теңгені құрайтын тағы 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Қазіргі таңда өңірдегі коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Соған қарамастан, инженерлік желілердің тозу деңгейі әлі де жоғары. Атап айтқанда, электр желілері мен қондырғыларының 60 пайызы, жылу желілерінің 40 пайызы, сумен жабдықтау желілерінің 15,8 пайызы және су бұру желілерінің 16,9 пайызы тозған.
Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылатын жұмыстар осы көрсеткіштерді кезең-кезеңімен төмендетіп, коммуналдық қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыруға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.