Қазалы ауданында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл ауданның алты мектебінде оқу процесінің қауіпсіздігі мен білім алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 269,9 миллион теңге бөлініп, мердігер мекемелер анықталған. Қазіргі таңда Жанқожа батыр атындағы №70, Сәкен Сейфуллин атындағы №165, Қаныш Сәтбаев атындағы №216, Қалжан Нұрмаханов атындағы №95, Ақсуат ауылындағы №100 және Ү.Түктібаев ауылындағы Б.Әбдіразақов атындағы №88 мектептерде жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда.
Жөндеу барысында мектептердің едендері мен есіктері жаңартылып, спорт залдары қалыпқа келтірілуде. Сонымен қатар шатырлар мен жылу жүйелері ауыстырылып, аудан орталығындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №216 мектептің артқы бөлігі мен спорт залының сыртқы қасбеті заманауи талаптарға сай қапталуда.
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім беру ұйымдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Мердігер мекемелердің басшыларымен кездескен аудан басшысы ең алдымен құрылыс сапасына ерекше мән беруді, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ әрбір нысандағы жөндеу жұмыстары өзінің тікелей бақылауында болатынын атап өтті.
Мектептердегі жаңғырту жұмыстары жазғы демалыс кезеңінде жүргізіліп жатыр. Бұл оқу басталғанға дейін барлық кемшіліктерді жойып, оқушылар мен ұстаздарға жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, барлық жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін толық аяқталып, мектептер жаңа 2026–2027 оқу жылында оқушыларды жаңарған келбетпен қабылдайды.