БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ БАҚЫЛАУДА

Баға тұрақтылығы – халық әл-ауқатының кепілі.

Нарықтағы баға құбылмалылығы халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау және негізсіз өсімнің алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының қатарында қалып отыр. Осы мақсатта Қызылорда облысында делдалдық схемаларды анықтау және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Осы бағыттағы кезекті көшпелі отырыс «Қызылорда Оптомаркет» сауда үйінде өтті. Комиссия мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы мен сапасына, сондай-ақ тауар жеткізу тізбегіне назар аударды. Бұл – бағаның қалыптасу механизмін зерделеп, өнім құнының негізсіз қымбаттауына жол бермеудің тиімді тетіктерінің бірі.

Соңғы жылдары азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдардың көптігі екені жиі айтылып келеді. Әрбір аралық буын өз үстемеақысын қосқан сайын түпкілікті өнім бағасы да артады. Сондықтан комиссияның өнімдерді тікелей өндірушілерден сатып алу жөніндегі ұсыныстары уақыт талабынан туындаған маңызды қадам деуге болады. Бұл бір жағынан бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан жергілікті өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыруға ықпал етеді.

Өңірлік тұрақтандыру қорымен әріптестік негізде жұмыс істеп отырған сауда нысандарының қызметі де тұрғындар үшін маңызды. Мұндай ынтымақтастық әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімді бағамен сатылуына жағдай жасап, нарықтағы баға теңгерімін сақтауға көмектеседі.

Комиссия жұмысының «Magnum» және «Small» сауда желілерінде жалғасуы да нарықты жан-жақты қамтуға бағытталғанын көрсетеді. Әсіресе отандық өнімдерді, оның ішінде қазақстандық ірімшік өндірушілерінің өнімдерін сауда сөрелеріне тиімді орналастыру мәселесінің қаралуы жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың нақты көрінісі болып табылады. Бұл шаралар импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, ұлттық брендтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау тек бақылау шараларымен шектелмейді. Ол үшін өндіруші, сауда желілері және мемлекеттік органдар арасындағы өзара үйлесімді жұмыс қажет. Қызылорда облысында қолға алынған көшпелі комиссия отырыстары осы бағыттағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге және нарықтағы әділ баға саясатын қалыптастыруға қызмет етуде. Баға тұрақтылығы сақталған жерде тұрғындардың да ертеңгі күнге деген сенімі нығая түсетіні сөзсіз.

БӨЛІСУ