5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Экологтар күніне орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Аудан әкімінің тапсырмасымен өткен мерекелік жиын табиғатты қорғау ісіне үлес қосып жүрген сала мамандарына құрмет көрсетіп, олардың еңбегін насихаттауға арналды.
Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар мемлекет саясатының басым бағыттарының қатарында. Осы орайда экологтар мен табиғат жанашырларының еңбегі ерекше маңызға ие.
Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев ашып, қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық мәдениетті дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына үнемі назар аударып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ауданымызда да табысты жалғасуда. Елді мекендерді көркейту, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Табиғаттың тазалығы мен ауданымыздың келбетін жақсарту жолында еңбек етіп жүрген барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында ауданымыз күн өткен сайын көркейіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптасуда, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мерекелік шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоршаған ортаны қорғау ісіне және санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыруға үлес қосып жүрген бірқатар сала қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында коммуналдық қызмет саласының мамандары, табиғатты қорғау бағытында еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен өз ісіне адал азаматтар бар.
Шара барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтып, жастар арасында экологиялық тәрбиені күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Ал су шаруашылығы саласының ардагері Темірбек Пернебаев қоршаған ортаны қорғау мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің Орманды қорғау және күзету бөлімінің бас инженері Бақытбек Санеев табиғатты қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, экологиялық тепе-теңдікті сақтау жолындағы ортақ жауапкершілік туралы айтты.
Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау мәселелері, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және табиғатты аялаудың маңыздылығы кеңінен сөз болды. Қатысушылар табиғатты қорғау бағытындағы бастамалардың қоғам үшін маңызын атап өтіп, мұндай шаралардың тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Экологтар күніне арналған тағылымды жиын қоршаған ортаны қорғау саласында еңбек етіп жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды. Табиғатқа жанашырлық танытып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатыны айтылып, жиын жылы лебіздер мен ізгі тілектерге ұласты.