Халықпен ашық әрі тұрақты байланыс орнату, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына дер кезінде назар аудару мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды бағыты болып саналады. Осы мақсатта аудан әкімі Жандос Еркінбек бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған түрлі мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жалпы 15-ке жуық азамат қабылдауға қатысып, тұрғын үй алу кезегі, тұрақты және қоғамдық жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек көрсету, инфрақұрылымдық мәселелер мен өзге де жеке сауалдары бойынша өтініштерін жеткізді.
Мемлекет басшысы азаматтардың үнін еститін мемлекет қағидатын жүзеге асыруды және тұрғындармен ашық диалог орнатуды басты міндеттердің бірі ретінде белгілеп келеді. Осыған сәйкес өткізілген қабылдауда әрбір өтініш иесінің мәселесіне жеке-жеке назар аударылып, көтерілген сұрақтардың мән-жайы жан-жақты талқыланды.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті түсіндірмелер берді. Сонымен қатар, бірқатар мәселелерді шешу үшін жауапты бөлім және мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
Қабылдау барысында тұрғындарды толғандырған мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік бағыттағы сұрақтар болғаны байқалды. Әсіресе тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау шараларына қатысты өтініштер жиі көтерілді. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттыру мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдірудің маңыздылығын көрсетеді.
Аудан басшысы қабылдауда көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
– Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуы тұрақты бақылауда болады. Әрбір өтініш заң аясында қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Халықпен кері байланысты күшейту және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі, – деді Жандос Еркінбек.
Жеке қабылдау тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, елді мекендердегі өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныстары басты назарда болмақ.