ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай аудан аумағында экологиялық мәдениетті насихаттауға және тарихи-мәдени мұраларды сақтау бағытында тазалық акциясы өткізілді. Іс-шара ауданның киелі орындарының бірі саналатын Мырзабай ахун кесенесі аумағында ұйымдастырылды.

Акцияға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және тарихи нысандарды күтіп ұстау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан басшысы экологиялық шаралардың қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды.

Тазалық жұмыстарына ардагерлер, ерікті жастар, мекеме қызметкерлері және аудан тұрғындары белсенді түрде атсалысты. Қатысушылар кесене аумағын қоқыстан тазалап, ағаштарды әктеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Мұндай шаралар қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен қатар, тарихи-рухани мұраларға деген құрметті арттыруға ықпал етеді.

Айта кету керек, аудан аумағында республикалық және жергілікті маңызы бар 71 тарих және мәдениет ескерткіші орналасқан. Солардың қатарындағы Мырзабай ахун кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілген маңызды тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі болып саналады.

Ұйымдастырушылар мұндай экологиялық акциялар алдағы уақытта да жалғасын тауып, табиғатты қорғау мен мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті.

БӨЛІСУ