Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев С.Сейфуллин ауылындағы кварталішілік газ тарату желілері құрылысының жұмыстарымен танысты.
Аудан орталығына жақын орналасқан С.Сейфуллин елді мекенін газдандыруға өткен жылдың аяғында облыстық бюджеттен 20 млн. теңге бөлініп, жұмыстар бастау алған болатын. Биыл облыстық және республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, газ құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан басшысына мердігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС-нің өкілі атқарылып жатқан жұмыстарды айтты. Бүгінде жобада қаралған жұмыстардың 65 пайызы орындалған.
Айта кетейік, ауданған қарасты А.Тоқмағамбетов елді мекенінде де газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауылда да «АЭS and Limited» ЖШС 70 пайыз жұмысты аяқтаған.
Берік Әбдіғаппарұлы елді мекендерді газдандыру маңызды екенін, тұрғындар асыға күтіп отырғанын атап, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін ескертті. Тиісті сала басшыларына күнделікті бақылауда ұстап, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, мерзімінде аяқтау жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.
Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ауданның инфрақұрылым жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер шешімін тапқан. Бұл ретте, ауданның жаңа құрылыс аумағына басымдық берілуде.
Құрылыс жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме «Ақтоған» ЖШС-мен қиыршық тас төсеу жұмыстарын бастады.
Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған.