ХОРАСАН АТА МАЗАРАТЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Бүгін еріктілердің ұйытқы болуымен Қыркеңсе ауылдық округіндегі Хорасан ата мазаратында тазалық жұмыстары жүргізілді.

Іс- шараға Байкенже, Жаңарық, Қыркеңсе, М.Нәлібаев, Өзгент, Қожакент ауылдық округтерінің ерікті тұрғындары мен жастары атсалысты. Мазараттың іші-сыртын ретке келтіріп, қоқыстардан тазаланды.

Айта кету керек, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, демеушілердің көмегімен киелі орындар Қорқыт ата, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал баба кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде Киелі орын Хорасан ата кесенесінің айналасын кәсіпкер, меценат Молдакасимов Азамат Балтағұлұлының демеушілігімен 100 млн теңгеге абаттандырылып, қайта жаңғыртылды. Атап айтқанда, кіре берістен кесенеге дейін және мұражайға дейін автокөлік жолы асфальттанды. Қонақ үй алдына бастырма орнатылып, брусчатка төселіп, жүргіншілер жолы жарықтандырылды. Ішкі және сыртқы қоршаулары жаңартылып, аумақ түгел абаттандырылды.

Хорасан ата кесенесі өзінің әртүрлі көлемдегі әсем кескінді күмбездерімен ерекшеленеді. Нысан зиратта ғана емес, оны қоршап тұрған бірнеше шақырым жазықтан көзге түседі. Хорасан ата кесенесі тікбұрышты күйдірілген кірпіштерден (28х14х7 см) тұрғызылған. Биіктігі – 14 метр, ұзындығы – 16 метр, ені – 8 мерт. Призмалы корпус болып келген кесененің іші жеке-жеке есіктері бар кіші және үлкен камераларға бөлінген.
Қорыта айтсақ, біз зиярат етіп, құран бағыштаған әулие-әнбиелер туралы тарихта көптеген деректер мен жазбалар бар. Олар жайлы әлі талай естеліктер қағазға түсіріліп, көркем туындылар жазылатын болады. Иә, тәуелсіздік алған жылдардан бастап өшкеніміз жаңарып, жоғалтқанымыз қайта оралып, ғасырлардан сыр шертер төл тарих қайта жаңғыруда. Оған қоса, салт-дәстүр дәріптеліп, мәдени мұра қатары молая түсуде. Бір сөзбен айтқанда, өткенді бағалау, бүгінді саралау арқылы «Мәңгілік Ел» болу жолында кемел келешекке көш түзедік.

Хорасан ата кесенесіне 2005 жылдан бері қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген.

БӨЛІСУ