Қызылорда қаласында елімізде шахмат спортын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ, қоғамның түрлі сала өкілдерін зияткерлік ойын арқылы бір арнаға тоғыстыруға бағытталған «Senat Open 2026» шахматтан III республикалық ашық турнирінің ширек финалдық кезеңі өтті.
Ауқымды додаға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мәслихат аппараттарының қызметкерлері және өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысып, өзара бақ сынасты. Турнирге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.
Аталмыш турнирде іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен үздік ойыншылар да бақтарын сынауда.
Ширек финалдық кездесулер 2026 жылғы 28 наурыз бен 31 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалалар мен астанада өткізілуде.
Ал жартылай финалдар 2026 жылғы 15 маусым мен 9 тамыз аралығында швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан ұйымдастырылады. Оңтүстік аймақтың жартылай финалдық ойындары Тараз қаласында өтеді деп жоспарланған.
Айта кетсек, соңғы жылдары елімізде шахмат спорты елімізде қарқынды дамып келеді. Бұл зияткерлік ойынға деген қызығушылық артып, жасөспірімдер мен ересектер арасында кеңінен таралуда. Нәтижесінде қазақстандық шахматшылар халықаралық деңгейде жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ел мерейін үстем етуде.

БӨЛІСУ