Ағымдағы жылдың 16 сәуірінде Сырдария ауданы әкімдігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында семинар-кеңес өтті. Іс-шараға департамент басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітова, аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Семинар барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптары кеңінен түсіндіріліп, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулер мен міндеттер жан-жақты талқыланды. Департамент басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітова өз баяндамасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және қызмет барысында заң талаптарын қатаң ұстанудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, ол сыбайлас жемқорлыққа жол берген тұлғалардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын атап өтіп, әрбір мемлекеттік қызметші өз әрекеті үшін жеке жауапты екенін жеткізді. Бұл ретте қызметтік тәртіп пен адалдық қағидаттарын сақтау – қоғам сенімін арттырудың басты негізі екені айтылды.

Жиын барысында адалдық, әділдік, ашықтық және есептілік қағидаттарын күнделікті жұмыс тәжірибесіне енгізудің өзектілігі де кеңінен сөз болды. Қатысушылар мемлекеттік қызмет көрсетуде ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтармен кері байланысты күшейту, сондай-ақ жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытындағы тетіктерді талқылады.

Бұған қоса, Мирамкүл Бибітова мемлекеттік басқару жүйесіне цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, цифрландыру үдерістері адами факторды азайтып, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және басқару тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Семинар барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Кездесу қорытындысында мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қатаң сақтау, заң талаптарын бұзбау және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну қажеттігі тағы бір мәрте ескертілді.

Мұндай түсіндіру және алдын алу шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

БӨЛІСУ