Аймақ басшысының бастамасымен Президент саябағында төрт мезгіл бойы үздіксіз жұмыс істейтін, 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы – қысқы бақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған нысандарды биыл ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Ол мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасы мен мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Қала басшысы өз сөзінде нысандардың маңыздылығына тоқталып, олардың қауіпсіздігі мен сапасына ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін атап өтті.

– Лагерьдің құрылыс сапасы мен қауіпсіздігі басты назарда болады. Себебі бұл – елімізде баламасы жоқ балалардың демалыс орны. Ал ботаникалық бақ – тұрғындар үшін аса қажет әрі сұранысқа ие нысан. Сондықтан ел асыға күткен жобаларды белгіленген мерзімде, жоғары деңгейде аяқтау қажет, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын «Alem Qurylys AQ» ЖШС жүргізуде.

БӨЛІСУ