Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының алаңында гарнизондық жиын ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараны Департамент бастығы, полиция полковнигі Серік Жүрсінбайұлы Ергешов өткізді.

Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы тәртібін сақтау және азаматтардың тыныштығын қорғау бағытындағы негізгі міндеттер пысықталды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің кәсіби дайындығы, тәртіп пен жауапкершілікті арттыру мәселелері де кеңінен талқыланды.

Іс-шара аясында қызметтік міндетін адал әрі жауапкершілікпен атқарып, ерекше ерлік көрсеткен қызметкерлер марапатталды. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 14 сәуірінде көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде орын алған өрт кезінде батылдық танытып, екі азаматтың өмірін сақтап қалған Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Қайсар Мамадалиев пен полиция лейтенанты Руслан Бауржанұлы Департаменттің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың жедел әрі кәсіби әрекеті адам өмірін құтқаруға сеп болып, әріптестері арасында зор құрметке ие болды.

Сонымен қатар, қызмет барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, қоғамдық тәртіпті сақтауда белсенділік танытқан бірқатар полиция қызметкерлері де түрлі марапаттарға ие болды. Бұл – ішкі істер органдары қызметкерлерінің күнделікті еңбегіне берілген лайықты баға.

Жиынның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, сондай-ақ өңірдегі криминогендік ахуалды тұрақты бақылауда ұстау болып табылады. Осыған байланысты демалыс күндері полиция қызметі күшейтілген режимде атқарылатыны атап өтілді.

Іс-шара барысында азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау – полиция қызметінің басты басымдығы екені ерекше айтылып, жеке құрамға заң талаптарын қатаң сақтау, халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнату қажеттігі түсіндірілді. Саптық бөлімше командирлеріне нақты тапсырмалар беріліп, әрбір қызметкердің жауапкершілігі күшейтілді.

Сондай-ақ, жиында қызмет барысында қаруды қолданудың құқықтық негіздері, оны пайдалану тәртібі мен қауіпсіздік шаралары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұл бағыттағы талаптарды сақтау – қызметкерлердің де, азаматтардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екені атап өтілді.

Жиын соңында жеке құрам салтанатты түрде сап түзеп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша күнделікті қызметіне кірісті. Мұндай шаралар өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға және полиция қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

БӨЛІСУ