Бүгін облыс әкімінің орынбасары А. Зебешевтің төрағалығымен өңірдегі азық-түлік нарығындағы өзекті мәселелерге арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, жергілікті атқарушы орган басшылары, сауда саласының мамандары, сондай-ақ көтерме жеткізушілер мен кәсіпкерлер қатысты.

Күн тәртібінде халықтың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды бағыттар – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, көтерме және бөлшек сауда базарларында тәртіп орнату, сондай-ақ бағаға негізсіз үстеме қосатын өнімсіз делдалдарды жою мәселелері жан-жақты қаралды.

Жиын барысында өңірдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге нақты міндеттер белгіленді. Әсіресе, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, делдалдар тізбегін қысқарту арқылы өнімнің тұтынушыға тікелей әрі қолжетімді бағамен жетуін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.

Үкімет тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта азық-түлік базарларында тұрақты түрде мониторинг жүргізу күшейтіледі. Бұл ретте заң талаптарының сақталуын бақылау, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарға қатысты тиісті шаралар қабылдау көзделіп отыр. Аталған жұмыстарға барлық құзырлы мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы құрылымдар толықтай жұмылдырылады.

Кездесу барысында сауда субъектілері мен көтерме жеткізушілердің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, саладағы қордаланған мәселелер ашық талқыланды. Кәсіпкерлер өз кезегінде логистика, сақтау орындарының жетіспеушілігі, тасымал шығындарының артуы сияқты түйткілдерді атап өтіп, оларды шешу жолдары бойынша бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтау – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатыны жеткізілді.

БӨЛІСУ