БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫНЫ АЛУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ

 14 түрлі жәрдемақыны алу тәртібі өзгереді.

Қазақстанда ауқатты азаматтар мен әл-ауқаты жоғары отбасыларға бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасының нақты мұқтаждығы ескерілмек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде мемлекеттік жәрдемақының 39 түрі бар. Жаңа тәсіл олардың 14 түріне қатысты болады.
Атап айтқанда, бала тууына және бала күтіміне байланысты төлемдер, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға төлем, асыраушысынан айырылу және мүгедектік бойынша бірқатар жәрдемақы, сондай-ақ ардагерлер мен мемлекеттік атақ иелеріне берілетін кейбір төлемдер жаңа тәртіппен тағайындалмақ.
Алайда бұл өзгеріс барлық жәрдемақы алушыға бірдей қолданылмайды. Министрлік жаңа тәсіл Отбасының цифрлық картасы бойынша әл-ауқаты жоғары және ауқатты деп танылған «А» және «В» санатындағы отбасыларға қатысты екенін түсіндірді.
Маңыздысы – мұндай отбасы барлық жәрдемақысынан автоматты түрде айырылмайды. Әр төлем азаматтың оны алу негізіне қарай жеке қарастырылады.
Мысалы, I топтағы мүгедектігі бар азамат алып жүрген мүгедектік бойынша жәрдемақысын сақтайды. Бірақ кейін оның бала тууына байланысты басқа төлем алуға құқығы пайда болса, жаңа төлемді тағайындау кезінде отбасының нақты мұқтаждығы ескеріледі.
Министрлік бұл өзгерістің мақсаты – әлеуметтік көмекті барынша атаулы ету және бюджет қаржысын шын мәнінде мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарға бағыттау екенін мәлімдеді. Яғни жаңа жүйеде «жәрдемақыға құқығы бар ма?» деген сұрақпен қатар, «мемлекеттік көмекке нақты мұқтаж ба?» деген өлшем де ескерілмек.

БӨЛІСУ