ҚЫЗЫЛОРДАДА КӘСІПКЕРЛЕРДІ БОПСАЛАҒАН ТОПТЫҢ ЖАЗАСЫ КЕСІЛДІ

Қызылордада кәсіпкерлерден ақша бопсалап, түрмедегі «ортақ қорға» қаржы жинаған топ сотталды.

Қызылорда облысында кәсіпкерлер мен азаматтарды қорқытып, ақша бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
Облыстық прокуратураның үйлестіруімен Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында топ мүшелерінің азаматтарға күш қолданатынын айтып, ақша талап еткені және түзеу мекемелеріндегі сотталғандарға арналған «ортақ қорға» қаржы жинағаны анықталды.
Тергеу кезінде қылмыстық әрекеттің бірнеше эпизоды дәлелденді. Арнайы жүргізілген тінтулер барысында травматикалық және пневматикалық қарулар, оқ-дәрілер, ақша қаражаты мен басқа да айғақ заттар тәркіленді.
Қылмыстық істі тергеу барысында жәбірленушілер мен куәлардан жауап алынып, банк аударымдары мен цифрлық дәлелдемелер зерттелді. Нәтижесінде топтың заңсыз әрекеті толық дәлелденген.
Іс бойынша қорқытып алу, заңсыз қару сақтау, бұзақылық және ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған қатысу фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс тіркелді.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесі күдікті деп танылды. Олардың басым бөлігі қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сот үкімімен қылмыстық топтың жетекшісі мен белсенді мүшелеріне 4 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.
Полицияның мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және мұндай топтардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу жұмыстары жалғасады.

БӨЛІСУ