ҚАЗАЛЫДА ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТАЗАЛЫҚ КҮНІНЕ ОРАЙ АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ

20 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күні. Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейтін халықаралық бастама аясында Қазалы ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

«World Cleanup Day» дүниежүзілік тазалық күні мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық шарасы ауданның барлық елді мекенін қамтыды.

Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі Жанқожа баба кесенесі аумағында өткен сенбілікке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға және экологиялық бастамаларға белсенді атсалысуға шақырды.

Іс-шараға ардагерлер, жастар мен волонтерлер, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Сенбілік барысында Жанқожа баба кесенесі, Шалабай каналы, «Жасыл белдеу» аумағы, Жанқожа батыр, Қ. Ерімбет және Я. Михайлюк көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізілді.

Аумақтар қоқыстан тазартылып, бей-берекет өскен шөптер шабылды. Сонымен қатар тал көшеттері отырғызылды.

Аудан көлемінде ұйымдастырылған сенбілікке 134 мекемеден 1 427 адам мен 16 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 17,3 тонна қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.

Тазалық шарасы тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, туған жердің көркеюіне ортақ үлес қосуға бағытталды.

БӨЛІСУ