Қызылорда қаласында Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Берекелі ауданның шаруалары қала тұрғындарына табиғи әрі сапалы өнімдерін ұсынып, тұтынушыларға тиімді баға қалыптастырды.
Жәрмеңкеге Қазалыдан 46 жүк көлігімен 104 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімі жеткізілді. Оның ішінде 9 тонна күріш, 6 тонна сүт өнімдері, 5,1 тонна ет, 6,5 тонна балық, 67 тонна бақша өнімі, 9,5 тонна кондитерлік өнім және 1 тонна «Қазалы кәмпиті» бар. Сонымен қатар «Рза» АҚ-ның сүт өнімдері де жәрмеңке сөрелерінен орын алды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен саудалануда. Бұл – қала тұрғындары үшін отандық өнімді қолжетімді бағамен сатып алуға жақсы мүмкіндік.
Қазалының ақ күріші, тәтті қауыны, табиғи сүт өнімдері, еті мен балығы – ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетінің айқын көрінісі. Жәрмеңке арқылы қазалылық шаруалардың еңбегі қала тұрғындарына ұсынылып, өндіруші мен тұтынушы арасындағы тікелей байланысты нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Жәрмеңке Қызылорда қаласының Шұғыла мөлтек ауданында, Ғани Мұратбаев көшесі мен Қожа Ахмет Ясауи көшелерінің қиылысында ұйымдастырылуда.