СЫР ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ЖЕТІСТІГІ – БІЛІМГЕ ЖАСАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ НӘТИЖЕСІ

Қызылорда облысы түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі жоғары нәтижесі өңірдегі білім сапасын арттыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында аймақтар арасындағы білім сапасындағы алшақтық мәселесіне арнайы тоқталып, биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген өңірлердің қатарында Қызылорда облысын атады. Бұл – Сыр өңіріндегі білім беру жүйесінің соңғы жылдардағы даму бағытына берілген жоғары баға. Қызылорда облысының ҰБТ-ның орташа балы бойынша республикада үшінші жыл қатарынан көш бастап келуі кездейсоқ жетістік емес. Биыл мектеп бітіруші 10 340 түлектің 10 140-ы, яғни 99,55 пайызы тестілеуге қатысқан. Олардың орташа көрсеткіші 74,90 балды құрады. Сонымен бірге 1616 түлек немесе жалпы қатысушылардың 16 пайызы 100 және одан жоғары балл жинаған. Бұл көрсеткіштер өңірдегі оқушылардың білім нәтижесі ғана емес, мектептердегі мұғалімдер еңбегінің, ата-аналар қолдауының және білім беру сапасын көтеруге бағытталған мемлекеттік саясаттың өзара сабақтастығын көрсетеді. Президенттің білім сапасындағы өңірлік алшақтықты азайту туралы тапсырмасы осы тұрғыдан алғанда Қызылорда облысының тәжірибесіне де жаңа жауапкершілік жүктейді. Яғни көш бастау – тек жоғары көрсеткішке ие болумен шектелмей, жинақталған тәжірибені басқа өңірлермен бөлісуге, білім сапасы төмен аймақтарға қолдау көрсетуге болатын тиімді модель қалыптастыру деген сөз. Мемлекет басшысының жоғары нәтиже көрсеткен мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін айтуы да осы оймен үндеседі. Сыр өңіріндегі жетістіктің артында бірнеше жылға созылған материалдық-техникалық базаны жаңарту және білім беру инфрақұрылымын күшейту жұмыстары тұр. Кейінгі төрт жылда аймақ бюджетінің 45 пайызы білім саласына бағытталған. Бұл – білімді өңір дамуының негізгі басымдығы ретінде қарастырудың айқын көрінісі. Бөлінген қаржының нәтижесі жаңа нысандардың бой көтеруінен де байқалады. Осы кезеңде білім беру және қосымша білім беру бағытында 46 жаңа нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында жаңа мектептер мен балабақшалардан бөлек, Оқушылар сарайлары, Өнер мектептері, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық орталығы, «Ai-kerim» оқу-сауықтыру орталығы және Ботаникалық бақ секілді балалардың білімін, шығармашылық қабілетін және бос уақытын дамытуға мүмкіндік беретін нысандар бар. Бұл жерде маңызды мәселе – білім сапасын тек мектептегі үлгеріммен өлшемеу. Қазіргі білім беру жүйесі баланың академиялық білім алуымен қатар, оның шығармашылық, цифрлық және әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруды талап етеді. Сондықтан қосымша білім беру нысандарының көбеюі оқушылардың қабілетін ашуға және білім алу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді. Алдағы кезеңде бұл нәтижені сақтап қалу үшін мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, ауыл мен қала мектептері арасындағы мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне тиімді енгізу маңызды. Президенттің Тамыз конференциясында кадр тапшылығы, педагогтердің біліктілігі, жасанды интеллект, бала қауіпсіздігі мен тәрбие мәселелерін қатар көтеруі де білім сапасының бір ғана ҰБТ нәтижесімен шектелмейтінін аңғартады. Сыр түлектерінің үш жыл қатарынан республикада үздік нәтиже көрсетуі – өңірдегі білім саласына жасалған инвестицияның, педагог еңбегінің және жүйелі басқарушылық шешімдердің нақты жемісі. Ендігі міндет – осы көрсеткішті тұрақты деңгейде ұстап, білім сапасын одан әрі арттыру және әрбір баланың сапалы білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз ету. Өйткені бүгінгі түлектің нәтижесі – ертеңгі өңірдің адами капиталы мен экономикалық әлеуетінің негізі.

БӨЛІСУ