ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласының шағын аудандарын аралап, тұрғындардың талап-тілектері бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аралау жұмысына қала әкімі Нұржан Ахатов та қатысты. Өңір басшысының шаһардағы аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің жай-күйіне, тазалық пен абаттандыру сапасына баса мән беруі – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Бұған дейін аймақ басшысы қаладағы шағын аудандарды аралау барысында тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған еді. Сол кезде көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын ретке келтіру, тазалықты сақтау, жарықтандыру және балаларға арналған ойын алаңдарын көбейту мәселелері көтерілген болатын. Соның бірі – Абай даңғылы бойындағы №62 көпқабатты үйдің тұрғындарының өтініші. Аула тұрғындары балалардың қауіпсіз әрі жайлы ойнауы үшін ойын алаңын салып беруді және аумақты жарықтандыруды сұраған. Бүгінгі аралау кезінде облыс әкімі осы өтініштің орындалу барысын арнайы көріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты. Тұрғындардың нақты талабына сәйкес қолға алынған істің нәтижесімен қатар, аула аумағын одан әрі көркейтіп, абаттандыру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі де айтылды. Мұрат Нәлқожаұлы жауапты сала басшыларына тұрғындар көтерген мәселелерді назардан тыс қалдырмай, әрбір шағын ауданның тазалығы мен жайлылығын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Себебі ауланың тазалығы, балалар алаңының жағдайы, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жай-күйі мен көшелердің жарықтандырылуы – қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер. Аралау барысында «Астана», «Арай» шағын аудандарындағы және сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен оларға іргелес көшелердің жағдайы да назарға алынды. Атап айтқанда, аумақтардың санитарлық тазалығы, абаттандырылуы, жаяу жүргіншілер жолдарының жай-күйі сараланды. Қала аумағындағы қоғамдық кеңістіктердің ретке келтірілуімен қатар, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инженерлік инфрақұрылымның жұмысы да тексерілді. Соның бірі – қаладағы аяқсу мәселесі. Жазғы мезгілде көгалдар мен ағаштарды суару, аулалар мен көшелердегі жасыл желекті сақтап қалу үшін арық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі аса маңызды. Осы бағытта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес нақты жұмыстар атқарылып, бірқатар арықтарға аяқсу беріле бастады. Н.Назарбаев даңғылы бойындағы насос қондырғысы мен құбырлар іске қосылып, Бөкейхан көшесінің Абай даңғылынан Яссауи көшесіне дейінгі аралықтағы ұзындығы 2 шақырым болатын арық жүйесіне су жіберілді. Сонымен қатар Яссауи мен Шүкіров көшелерінің қиылысына насос қондырғысы орнатылып, Бөкейхан көшесінен Ғ.Мұратбаев көшесіне дейінгі аралықтағы ұзындығы 960 метр арыққа аяқсу жеткізілді. Бұл – қаланың жасыл желегін сақтап, жазғы кезеңдегі су тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды қадам. Жалпы Қызылорда қаласында 68 көшені қамтитын, жалпы ұзындығы 98,6 шақырым арық жүйесі бар. Сондықтан қолданыстағы арықтарды уақытылы тазалау, су өткізу қабілетін арттыру және қажетті учаскелерге насос қондырғыларын орнату – қаладағы абаттандыру жұмыстарының ажырамас бөлігі. Бүгінгі аралау барысында көтерілген мәселелердің ауқымы да, шешімін тапқан түйткілдер де бір нәрсені аңғартады: тұрғындардың талап-тілегі нақты іске ұласқанда ғана қаладағы өзгерістің нәтижесі сезіледі. Әсіресе тұрғындар өздері тұратын аула мен көшенің мәселесін жақсы біледі. Сондықтан олардың ұсыныстарын тыңдап қана қоймай, орындалуын бақылау – жергілікті атқарушы органдар жұмысының маңызды бағыты. Облыс әкімі аралау кезінде тұрғындардың өтініштері бойынша қолға алынған жұмыстардың сапасына назар аударып, абаттандыру ісін жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қаладағы әрбір шағын ауданның көркі мен тазалығы, ауладағы балалардың қауіпсіздігі, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалуы және аяқсудың тұрақты берілуі – жайлы қаланың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің шешілуі бақылауда болады.

БӨЛІСУ