Құрылыс – ел экономикасының өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға тікелей ықпал ететін стратегиялық маңызы зор сала. Бүгінде Сыр өңірінде құрылыс қарқыны артып, аймақтың келбеті жаңарып, тұрғындарға қажетті әлеуметтік және инженерлік нысандардың қатары көбейіп келеді. Осы ауқымды жұмыстардың артында күннің ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан еңбек етіп жүрген құрылысшылардың маңдай тері, кәсіби білімі мен жауапкершілігі тұр. Құрылысшылар күніне орай Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» өткен салтанатты шара осы еңбекті елеп-ескеріп, сала мамандарына құрмет көрсетуге арналды. Мерекелік жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері, құрылыс саласының ардагерлері мен үздік мамандары қатысты. Салтанатты шара барысында аймақ басшысы құрылысшылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне жоғары баға беріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. «Құрылысшы – қоғамдағы ең қадірлі, ең жасампаз мамандықтардың бірі» деген облыс әкімі бұл саланың ел болашағын қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та еліміздің өркендеуі тікелей құрылыс пен инфрақұрылымның дамуымен байланысты екенін бірнеше мәрте атап көрсетіп келеді. Президенттің «Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді» деген сөзі осы саланың ел дамуындағы стратегиялық орнын айқын аңғартады. Шын мәнінде, бүгінгі құрылыс – тек ғимарат тұрғызу емес, ол жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру, халыққа қолайлы орта қалыптастыру, әлеуметтік мәселелерді шешу деген сөз. Сыр өңіріндегі құрылыс тарихының да тамыры тереңде жатыр. Көне Шірік Рабат, Сығанақ, Жанкент сияқты тарихи қалалардан бастау алған сәулет пен құрылыс дәстүрі бүгінгі заманауи жобалармен сабақтасып келеді. Мыңдаған жыл бұрын Сыр бойында бой көтерген қалалар сол дәуірдегі өркениеттің биік деңгейін көрсетсе, бүгінде өңірде салынып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар Сыр елінің жаңа даму кезеңін айқындауда. Соңғы жылдары облыстың құрылыс алаңына айналуы да осы сабақтастықтың заңды жалғасы іспетті. Президенттің және Үкіметтің қолдауы нәтижесінде 2022 жылдан бері облыста 270-тен астам әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілді. Оның ішінде 46 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 22 мәдениет және 27 спорт нысаны бар. Бұл көрсеткіштердің өзі өңірдегі құрылыс жұмыстарының ауқымын аңғартады. Әсіресе әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Жаңа мектептер мен балабақшалар білім беру саласының материалдық базасын нығайтса, ауруханалар мен емханалардың бой көтеруі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал мәдениет пен спорт нысандары тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға жағдай жасайды. Қызылорда өңіріндегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың қатарында Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалының, заманауи автовокзалдың іске қосылуын, Қызылорда теміржол вокзалының күрделі жөндеуден өтуін ерекше атауға болады. Сонымен қатар барлық аудандардағы теміржол вокзалдарының жаңғыртылуы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, өңірдің туристік және экономикалық әлеуетін арттыруға негіз болып отыр. Биыл облыста 28 жобаның құрылысына бюджеттен 177 млрд теңге бөлінуі құрылыс саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың көлемін айқын көрсетеді. Қазіргі таңда сол жағалауда 100 келушіге арналған емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, 500 келушіге арналған емхананың, Титов шағын ауданындағы 400 орындық №5 емхана ғимаратының, 200 орындық перинаталдық орталықтың және «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың әрқайсысының өңір тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы ерекше. Мәселен, жаңа медициналық нысандардың іске қосылуы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырса, перинаталдық орталық ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы мүмкіндіктерді кеңейтеді. Ал «Қызылорда Арена» сияқты ірі спорт кешенінің салынуы бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға жаңа серпін береді. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында берген тапсырмаларына сәйкес қалада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана мен жаңа драма театрдың құрылысының басталуы да өңірдің мәдени-рухани дамуына жасалған маңызды қадам. Бұл нысандардың бой көтеруі Қызылорданың тек экономикалық емес, мәдени орталық ретіндегі әлеуетін де күшейте түспек. Құрылыс саласының қарқынын бағалауда тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жұмыстардың да орны бөлек. Өйткені жаңа баспана – кез келген отбасы үшін жай ғана шаршы метр емес, ол тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің және болашаққа деген сенімнің негізі. Соңғы төрт жылда облыста 7600 пәтер беріліп, 30 мыңнан астам тұрғын баспаналы болған. Бұл – құрылыс саласының халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей ықпал ететінін көрсететін нақты нәтиже. Ал 2026-2027 жылдары 6200-ден астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланып, шамамен 25 мың адамның баспана мәселесін шешу көзделіп отыр. Оның ішінде 1200 пәтердің аудан орталықтарында салынуы тұрғын үй құрылысының облыс орталығымен ғана шектелмей, елді мекендерге де кеңінен таралып отырғанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде ауыл-аймақтардың әлеуметтік тұрақтылығын сақтауға, жастардың туған жерінде тұрақтап қалуына және елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Құрылыс көлемінің өсуі өңір экономикасының басқа салаларына да мультипликативті әсер береді. Құрылыс жүрсе, құрылыс материалдарына, көлік қызметіне, инженерлік желілерге, жобалау мен техникалық қадағалауға, жұмыс күшіне сұраныс артады. Демек, бұл сала ондаған кәсіптің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасайды. Осы тұрғыдан алғанда, жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарының нақты орындалған көлемін 369 млрд теңгеге жеткізу жөніндегі жоспардың экономикалық маңызы зор. Бұл – өңірдегі өндірістік белсенділіктің жоғары деңгейде сақталуына мүмкіндік беретін көрсеткіш. Сыр өңіріндегі құрылыс қарқынының тағы бір маңызды бағыты – көлік инфрақұрылымын жаңғырту. Жақында Президенттің қатысуымен стратегиялық маңызы бар «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысына ресми түрде бастау берілуі облыстың көлік-логистикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Жол сапасының жақсаруы – елді мекендер арасындағы байланысты жеңілдетіп қана қоймай, тауар айналымын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және өңірдің транзиттік мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының демеушілігімен Жаңақорған және Шиелі аудандарында жалпы құны 2,9 млрд теңгеге жуық қаржыға екі спорт кешені, ауылдық клуб пен емхана құрылысының басталуы аудандардағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға беріліп отырған назардың тағы бір көрінісі. Аталған нысандардың салынуы ауыл тұрғындарының сапалы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттырып, елді мекендердің өмір сүру ортасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы, құрылыс саласындағы көрсеткіштерге қарап, Сыр өңірінің даму бағытын бірнеше арнадан көруге болады. Бір жағынан, халықты баспанамен қамтамасыз ету, білім мен денсаулық сақтау нысандарын салу арқылы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарса, екінші жағынан, жол, әуежай, теміржол, инженерлік инфрақұрылым сияқты стратегиялық нысандардың жаңғыртылуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға қызмет етеді. Ал мәдениет пен спорт нысандарының көбеюі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, қаланың жаңа келбетін айқындауға ықпал етеді. Мұның барлығы бір ғана саланың жұмысы емес, тұтас өңірдің болашағына салынған инвестиция. Осы орайда құрылысшылардың еңбегін бағалау – олардың кәсіби мерекесін атап өтумен ғана шектелмейді. Құрылысшы салған нысан ондаған жыл бойы халыққа қызмет етеді. Бүгін қаланған кірпіш ертең мектепке, ауруханаға, тұрғын үйге, спорт кешеніне немесе мәдениет ошағына айналады. Сондықтан құрылысшы еңбегінің нәтижесі күнделікті өмірде көзге көрініп, халықтың тұрмысымен тікелей сабақтасып жатады. Салтанатты шарада осы еңбегімен ерекшеленген сала мамандарының марапатталуы да сондықтан айрықша мәнге ие болды. Құрылыс саласының үздіктері Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хатымен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – құрылыс саласында жылдар бойы еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарап келе жатқан мамандарға көрсетілген құрметтің белгісі. Мерекелік шараның соңы өнерпаздардың концертіне ұласып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Қалаубаева мен Сыр бойының өнерпаздары жиналған қауымға әннен шашу шашты. Қорыта айтқанда, бүгінгі Сыр өңіріндегі құрылыс қарқыны – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Жаңа нысандардың бой көтеруі, тұрғын үй құрылысының артуы, көлік инфрақұрылымының жаңғыруы, ауыл-аймақта әлеуметтік нысандардың салынуы – мұның барлығы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ал осы жобаларды нақты іске асырып, қағаздағы жоспарды көзге көрінетін нысанға айналдыратын – құрылысшылар. Сондықтан олардың еңбегі ел игілігі жолындағы жасампаз еңбек ретінде әрдайым жоғары бағалауға лайық. Бүгінгі құрылыс – ертеңгі ел келбетінің негізі. Ал Сырдағы әрбір жаңа ғимарат, әрбір жаңа жол мен әлеуметтік нысан өңірдің болашағына қаланған берік іргетас екені сөзсіз.