Қызылорда облысында экономиканы әртараптандыруға, өндіріс орындарын көбейтуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жұмыстар жаңа қарқын алды. Соңғы жылдары өңірде инфрақұрылымдық нысандармен қатар, нақты сектордағы өндірістік жобалардың саны артып келеді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және импортқа тәуелділікті төмендету жөніндегі тапсырмаларының жүйелі орындалып жатқанын көрсетеді. Осындай ауқымды бастамалардың бірі ретінде Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығының заманауи құс фабрикасы пайдалануға берілді.
Жаңа кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвестиция тарту – тек жаңа кәсіпорын ашу ғана емес, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген болатын. Бүгінде Жаңақорған ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның бірі – «Абдулла» шаруа қожалығы құс фабрикасының ашылуы. Бұл кәсіпорынның құрылысына 5,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жылына 6 мың тоннаға жуық құс етін өндіретін өндіріс орны облысымыздың ғана емес, көршілес өңірлердің де сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – мұнда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Осындай маңызды жобаны жүзеге асырған инвесторларға ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ең серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі. Себебі бұл бағыт халықты күнделікті тұтынатын өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңдеу өнеркәсібінің дамуына, қосымша өндірістердің қалыптасуына да ықпал етеді. Бүгінде әлем елдерінің тәжірибесі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жергілікті өндірістің маңызын айқын көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда Жаңақорғандағы жаңа кәсіпорынның іске қосылуы өңірдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтудағы маңызды жобалардың біріне айналмақ.
Мамандардың айтуынша, құс етіне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Оның басты себебі – қолжетімділігі, тағамдық құндылығы және тұтыну көлемінің жоғары болуы. Сондықтан ішкі нарықты өз өнімімізбен қамту, сырттан келетін өнім көлемін қысқарту және жергілікті брендтердің қалыптасуына жағдай жасау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл тұрғыдан алғанда жаңа фабрика өңірдің азық-түлік нарығындағы тұрақтылыққа да оң ықпал етеді.
Фабрика толық өндірістік цикл бойынша жұмыс істейді. Кәсіпорын аумағында 12 құс қорасы, балапан шығаратын инкубациялық цех, құс соятын өндірістік кешен, әкімшілік ғимарат пен техникалық қызмет көрсету нысандары орналасқан. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді. Бұл өндірілетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – жұмыспен қамту мәселесіне қосатын үлесі. Ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарының ашылуы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жастардың туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа өндіріс көлік, логистика, ветеринария, жем-шөп өндірісі сияқты қосалқы салалардың дамуына да серпін береді. Экономикада мұндай құбылыс мультипликативтік әсер деп аталады. Яғни бір өндіріс орнының ашылуы өзімен бірге бірнеше бағыттың дамуына жол ашады.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асқан тағы бір әлеуметтік маңызы зор жобаның іске қосылғанын жеткізді. Құны 1,1 миллиард теңгені құрайтын су тарату станциясы пайдалануға беріліп, Жаңақорған кентіндегі «МАИ бекеті» және «Алтыкрант» шағын аудандарындағы екі мыңға жуық тұрғын үй сапалы ауызсумен қамтылатын болды. Бұл – мемлекетке қайтарылған қаражаттың халық игілігіне бағытталып жатқанын көрсететін нақты мысалдардың бірі.
Шара барысында Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Исабекұлы мен құс фабрикасының құрылысына атсалысқан бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жалпы, Қызылорда облысында инвестициялық саясатқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында алдағы үш жыл ішінде жалпы құны 1 триллион 900 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ал биылдың өзінде жалпы құны 100 миллиард теңгеден асатын 21 жобаны іске қосу көзделген. Бұл бастамалар өнеркәсіп өндірісінің көлемін арттырып, өңдеу саласының үлесін ұлғайтуға және облыстың экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда өңірлер арасындағы бәсекелестік ең алдымен өндіріс көлемімен, инвестиция тарту көрсеткішімен және жаңа жұмыс орындарының санымен өлшенеді. Сондықтан Жаңақорғанда іске қосылған құс фабрикасы бір ғана ауданның жетістігі емес, Қызылорда облысының өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі деуге болады. Осындай жобалардың көбеюі өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық өндірістің үлесін ұлғайтуға қызмет етеді. Ең бастысы, мұндай өндірістердің іске қосылуы Президент айқындаған экономиканың нақты секторын дамыту бағытының өңірлерде жүйелі жүзеге асып жатқанын аңғартады.