Қаржы пирамидасы – қоғамның қаржылық қауіпсіздігіне ғана емес, азаматтардың әлеуметтік жағдайына да елеулі зиян келтіретін қауіпті қылмыстық схема. Соңғы жылдары интернет пен әлеуметтік желілердің кең таралуы мұндай заңсыз жобалардың жаңа тәсілдермен жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұрын қаржы пирамидалары көбіне таныс адамдар арқылы немесе жабық кездесулерде насихатталса, бүгінде олар әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі онлайн-платформалар арқылы көпшілікке ашық ұсынылуда.
Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өңірде қаржы пирамидаларының жолын кесу және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Департамент басшысының орынбасары Руслан Нұрланұлының мәліметінше, есептік кезеңде облыста 5 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Тергеу барысында жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал көлемі 59 миллион теңгеден асқан.
Бұл көрсеткіш қаржы пирамидаларының жекелеген азаматтардың ғана емес, тұтас отбасылардың әл-ауқатына әсер ететінін аңғартады. Себебі жеңіл әрі жылдам табыс табуға сенген адамдар кей жағдайда өздерінің жинақ ақшасын ғана емес, несиеге алған қаражатын, тіпті жақындарынан қарызға алған қаржысын да күмәнді жобаларға салуы мүмкін. Ал пирамида қызметі тоқтаған кезде көптеген азамат салған қаражатын қайтара алмай, қарызға батып жатады.
Қаржы пирамидасының басты ерекшелігі – нақты тауар немесе тұрақты табыс әкелетін заңды бизнес болмағанымен, салымшыларға жоғары пайда уәде етілуі. Алғашқы қатысушыларға төленетін қаражат кейін қосылған азаматтардың салымдары есебінен беріледі. Яғни жүйе жаңа салымшылар үздіксіз тартылып тұрған кезде ғана жұмыс істейді. Қатысушылар саны азайған сәтте пирамида күйреп, негізгі шығынды қарапайым салымшылар көтереді.
Қазіргі уақытта алаяқтар адамдардың сеніміне кіру үшін түрлі тәсілді қолданады. Олар инвестициядан қысқа мерзімде жоғары табыс табуға, бағалы сыйлықтар ұтып алуға немесе белгілі бір соманы бірнеше есе көбейтуге уәде береді. Жобаны сенімді етіп көрсету үшін әлеуметтік желілерде жалған пікірлер жариялап, табысқа жеткен адамдардың видеоларын таратады. Кейде танымал тұлғалардың немесе блогерлердің жарнамасы да азаматтардың күмәнін азайтып, жобаға сенімін арттыруы мүмкін.
Жуырда «Fari Invest» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімінің шығуы мұндай заңсыз әрекеттердің жауапсыз қалмайтынын көрсетті. Тергеу барысында ұйымдастырушы азаматтарды әлеуметтік желілер мен WhatsApp арқылы инвестиция салуға үгіттеп, жоғары табыс, алтын бұйымдар мен iPhone ұтып алу мүмкіндігін уәде еткені анықталған. Сот оны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру және инвестициялық қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айыру жазасын тағайындады.
Департамент мәліметіне сәйкес, сот үкімдері негізінде мемлекет кірісіне құны 5,6 миллион теңгелік автокөлік пен 2,9 миллионнан астам USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленген. Сонымен бірге қаржы пирамидасының белгілері бар 3500-ден астам интернет-сайт бұғатталған.
Алайда интернет-ресурстарды бұғаттау мен қылмыстық схемаларды анықтау мәселені толық шешпейді. Өйткені алаяқтар жаңа атаумен басқа сайт немесе әлеуметтік желідегі жаңа парақша ашып, қызметін қайта жалғастыруы мүмкін. Сондықтан қаржы пирамидаларына қарсы күресте құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, азаматтардың қаржылық сауаттылығы мен сақтығы да маңызды.
Бүгінде департамент жұмысы жазалау бағытынан алдын алу бағытына қайта бағдарланып отыр. Бұл – қаржы пирамидаларына қарсы күрестегі маңызды қадам. Өйткені азамат күмәнді жобаның белгілерін алдын ала танып, қаражатын салудан бас тартса, материалдық шығынның да, жәбірленушілер санының да алдын алуға болады.
Мамандар азаматтарды күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге, кез келген жобаның заңдылығын мұқият тексеруге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады. Әсіресе «кепілдендірілген жоғары табыс», «тәуекелсіз инвестиция», «қысқа уақытта бірнеше есе пайда» деген уәделерге сақтықпен қарау қажет. Заңды инвестициялық қызметте табысқа толық кепілдік берілмейтінін және кез келген қаржылық операция белгілі бір тәуекелмен байланысты екенін ескерген жөн.
Қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ғана емес, оларды жарнамалау да заң алдындағы жауапкершілікке әкеп соғатыны ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл талап блогерлерге, қоғамдық пікір көшбасшыларына және жарнама таратушыларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Жарнамалық ұсынысты жарияламас бұрын жобаның заңдылығын, қызметінің ашықтығын және қаржы тартуға рұқсаты бар-жоғын тексеру қажет.
Қаржы пирамидалары көбіне адамдардың тезірек тұрмысын жақсартуға, табысын арттыруға деген ниетін пайдаланады. Сондықтан күмәнді ұсынысқа эмоциямен емес, нақты дерекке сүйене отырып шешім қабылдау маңызды. Жоғары табыс туралы уәде қаншалықты тартымды көрінгенімен, оның артында үлкен қаржылық қауіп тұруы мүмкін.
Қаржылық қауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Қаражатты салмас бұрын ақпаратты тексеру, асығыс шешім қабылдамау және күмән туындаған жағдайда мамандардың кеңесіне жүгіну – алаяқтардың арбауына түспеудің ең тиімді жолы.