МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында облыс орталығында салынып жатқан бірқатар медициналық нысанның құрылыс барысымен танысты. Халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары Қызылорда облысында бұл салада ауқымды жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне жаңа емдеу мекемелері беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында өңірдің әлеуметтік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған жаңа міндеттерді айқындаған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады», – деп атап өтті. Бұл – өңірдегі медициналық инфрақұрылымды жүйелі дамытуға берілген нақты бағыт әрі алдағы жылдары халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге арналған маңызды бастама. Бүгінде облыс орталығында бір мезгілде бірнеше ірі медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында Титов шағын ауданындағы №5 қалалық емхана, Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан 500 келушіге арналған жаңа емхана және 300 төсектік көпбейінді аурухана бар. Бұл нысандар пайдалануға берілгеннен кейін қала тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігі артып, емханалардағы жүктемені азайтуға, диагностика мен емдеу қызметтерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік туады. Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев алдымен Титов шағын ауданында салынып жатқан №5 қалалық емхананың құрылыс алаңына барды. Бір ауысымда 400 келушіні қабылдауға арналған жаңа емхана аталған шағын аудан тұрғындары үшін медициналық көмекті жақыннан әрі қолжетімді алуға мүмкіндік бермек. Жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын медициналық нысанның құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта ғимараттың үшінші қабатындағы монолитті бағандарды бетондау жұмыстары атқарылуда. Бірінші қабаттың аралық қабырғалары қаланып, ішкі инженерлік желілер тартылып жатыр. Ал жертөле қабатындағы аралық қабырғаларды қалау жұмыстары толық аяқталған. Құрылыс жұмыстарының кезең-кезеңімен жүргізілуі нысанның белгіленген талаптарға сай әрі сапалы салынуына мүмкіндік береді. Жаңа емхана пайдалануға берілгеннен кейін Титов шағын ауданы мен оған жақын орналасқан аумақтардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мүмкіндігі кеңейеді. Бұл өз кезегінде халықтың уақытын үнемдеуге, медициналық қызметке жедел қол жеткізуге және қолданыстағы емдеу мекемелерінің жүктемесін төмендетуге ықпал етеді. Бұдан кейін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтеріп жатқан, бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылыс барысымен танысты. Қаланың жаңа бөлігінде тұрғындар санының артуына байланысты заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту ерекше маңызға ие. Осы ретте салынып жатқан жаңа емхана сол жағалаудағы тұрғындарға сапалы медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған ірі әлеуметтік нысандардың бірі болмақ. Қазіргі уақытта нысанның іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа медициналық кешенде амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызметтер көрсетіледі. Мұнда пациенттерді қабылдау мен тіркеудің заманауи жүйесі ұйымдастырылып, жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу бөлімдері, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері орналасады. Медициналық қызметтердің бір ғимаратта шоғырландырылуы тұрғындарға қажетті тексерулер мен емдеу шараларын қолайлы жағдайда алуға мүмкіндік береді. Жобада 50 төсектік күндізгі стационар қарастырылған. Бұл науқастарға тәулік бойы ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін жағдайда қажетті медициналық бақылау мен ем қабылдауға жағдай жасайды. Сонымен қатар орталық стерилизация бөлімі, дәрілік қамтамасыз ету қызметі, медициналық мамандардың біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуына арналған оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал болады. Бұл жаңа емхананың тек медициналық қызмет көрсететін нысан ғана емес, мамандардың кәсіби білімін жетілдіруге, тәжірибелік және ғылыми бағыттағы жұмыстарды дамытуға мүмкіндік беретін заманауи орталыққа айналатынын көрсетеді. Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылыс барысын да көрді. Ел Президентінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ең ірі әрі стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі саналады. Көпбейінді аурухана тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге, күрделі ауруларды анықтау мен емдеуге және өңірдегі мамандандырылған медициналық қызметтердің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Медициналық кешен құрамында бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын емхана болады. Сонымен қатар пансионат, операциялық блок, реанимация, химиотерапия және радиотерапия бөлімдері, физиотерапия, қабылдау және әкімшілік блоктары орналасады. Аурухана құрамында онкологиялық бағыттағы химиотерапия және радиотерапия бөлімдерінің қарастырылуы өңір тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Бұл бағыттағы медициналық қызметтердің кеңеюі науқастардың қажетті ем алу үшін өзге қалаларға бару қажеттілігін азайтып, күрделі дерттерді ерте анықтау мен уақытылы емдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта нысанда абаттандыру, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған дейін ғимараттың негізгі бетондау жұмыстары аяқталып, аралық қабырғалары қаланған және сырланған. Еденнің тегістегіш қабаты құйылып, құрылыс жұмыстары келесі кезеңге өткен. Қазір ғимараттың ішкі бөліктеріне керамикалық плиткалар төселіп, сыртқы қасбетіне заманауи линеарлы панельдер орнатылуда. Нысан аумағын абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Ірі медициналық кешеннің құрылысы аяқталған соң облыс тұрғындарына диагностикадан бастап, күрделі операциялар мен оңалту қызметтеріне дейін кешенді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артады. Үш медициналық нысанның қатар салынуы Қызылорда қаласындағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Бір ауысымда 400 адам қабылдайтын №5 қалалық емхана Титов шағын ауданы тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттырса, 500 келушіге арналған жаңа емхана сол жағалаудағы халыққа амбулаториялық, диагностикалық және күндізгі стационарлық көмекті бір орталықтан алуға мүмкіндік береді. Ал 300 төсектік көпбейінді аурухана өңірдің мамандандырылған медициналық көмек көрсету әлеуетін күшейтіп, күрделі ауруларды емдеуге арналған заманауи мүмкіндіктерді қалыптастырады. Медициналық нысандардың құрылысы – тек жаңа ғимараттар салу емес. Бұл – халық денсаулығын нығайтуға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, дәрігерлердің заманауи жағдайда жұмыс істеуіне және тұрғындардың қажетті қызметтерді өз өңірінде алуына бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Қазіргі таңда Қызылордада жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтып, өңір медицинасын жаңа сапалық деңгейге көтеруге негіз болмақ. Нысандардың құрылыс барысымен танысқан ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауда ұстауды, құрылыс талаптарының толық сақталуын және нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Себебі әлеуметтік маңызы жоғары медициналық мекемелердің тиімділігі олардың ауқымымен немесе бөлінген қаржы көлемімен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – ғимараттардың сапалы салынуы, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі және халыққа ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет көрсетуі. Алдағы уақытта жаңа емханалар мен көпбейінді аурухана пайдалануға берілгенде Қызылорда қаласының медициналық инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейіп, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артады. Бұл өз кезегінде өңір халқының денсаулығын қорғауға, аурулардың алдын алуға және медициналық көмекті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

БӨЛІСУ