ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында өңір орталығында жүзеге асырылып жатқан ірі құрылыс жобаларының барысы таныстырылып, нысандардың сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына баса назар аударылды.
Қызылорда соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылым және спорт саласындағы ірі жобаларды қатар жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар халық санының өсуіне, облыс орталығының кеңеюіне және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Үкімет басшысының бірінші орынбасарының жұмыс сапары өңірдегі стратегиялық маңызы бар нысандардың құрылыс қарқынын бағалап, алдағы міндеттерді нақтылауға мүмкіндік берді.
Алдымен Нұрлыбек Нәлібаев Президент саябағы аумағында бой көтеріп жатқан тоғыз қабатты 15 тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен танысты.
Жалпы құны 22 млрд теңгені құрайтын жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған. Бас мердігер – «Мелиоратор» серіктестігі. Қазіргі уақытта 8,2 гектар аумақта заманауи үлгідегі 15 көпқабатты тұрғын үй салынуда.
Жоба аясында 945 пәтер пайдалануға беріледі. Оның 135-і – бір бөлмелі, 540-ы – екі бөлмелі, ал 270-і – үш бөлмелі. Тұрғын үйлерді қазан айында табыстау жоспарланып отыр.
Бұл жоба өңірдегі тұрғын үйге деген сұранысты азайтып қана қоймай, қаланың жаңа аумағын кешенді дамытуға да ықпал етеді. Әсіресе, көпбалалы отбасылар, жас отбасылар және баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін жаңа пәтерлердің пайдалануға берілуі әлеуметтік маңызы зор шешім болмақ.
Жұмыс сапары одан әрі облыс орталығында салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінде жалғасты.
Құны 20 млрд 61 млн теңгені құрайтын ірі спорт нысанының құрылысы 2025 жылдың шілде айында басталған. Жалпы аумағы 26 мың шаршы метр болатын кешен өңірдегі бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға тың серпін бермек.
Кешен құрамында халықаралық талаптарға сай 50 метрлік жүзу бассейні, ірі спорттық жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық әмбебап зал және форумдар мен түрлі жиындарды ұйымдастыруға арналған 300 орындық конференц-зал қарастырылған.
Қазіргі уақытта нысанда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп, металл конструкциялар орнатылуда. Терезелер мен витраждарды монтаждау, инженерлік және электр желілерін тарту, аумақты абаттандыру жұмыстары да қарқын алған.
Ғимараттың сәулеттік келбеті заманауи талаптарға сай қалыптастырылып, қасбеті ерекше дизайнмен безендіріледі. Витраждары берік шыныдан жасалып, нысанның сыртқы келбетіне айрықша сән береді.
«Қызылорда Арена» пайдалануға берілгеннен кейін өңір спортшылары үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік кеңейеді. Сонымен бірге кешеннің көпфункционалды мүмкіндігі спорттық шаралармен шектелмей, ірі форумдар мен қоғамдық маңызы бар жиындарды өткізуге де жол ашады.
Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс нысандарындағы жұмыстардың сапасына ерекше мән берді. Жауапты сала мамандары мен мердігерлерге барлық жұмысты талапқа сай орындап, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау және сапаны тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Қазіргі таңда Қызылордада жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым жобалары өңірдің даму қарқынын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің біріне айналып отыр. Бірі – тұрғындардың баспана мәселесін шешуге бағытталса, екіншісі – спорттық инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеруге арналған.
Алайда ірі жобалардың тиімділігі тек қаржы көлемімен немесе ғимараттардың ауқымымен өлшенбейді. Ең бастысы – нысандардың сапалы салынуы, халық игілігіне уақытылы берілуі және ұзақ жылдар бойы ел қажетіне қызмет етуі.
Сондықтан жұмыс сапары барысында қойылған басты талап та айқын: құрылыс қарқыны мен сапасы қатар жүруі тиіс. Белгіленген мерзімнің сақталуы, пайдаланылатын материалдардың сапасы және әрбір жұмыстың талапқа сай орындалуы – жобалардың түпкі нәтижесін айқындайтын негізгі өлшем.
Алдағы уақытта Президент саябағы маңындағы жаңа тұрғын үй кешендері мен «Қызылорда Арена» пайдалануға берілгенде, облыс орталығының келбеті өзгеріп қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік мүмкіндігі мен өңірдің спорттық әлеуеті де жаңа деңгейге көтеріледі.