Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Ауладағы қабылдау» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірінде жалғасуда. «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда кеңінен насихаттауға, халықпен ашық әрі тиімді кері байланыс орнатуға бағытталған бұл бастама Қызылорда облысында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
20–26 шілде аралығында ұйымдастырылып жатқан акцияның басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің халыққа жақын болуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өзекті мәселелерін жергілікті жерде тыңдау, құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту және мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара сенімді нығайту. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру да акцияның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі – халықтың өтініштеріне жедел ден қою, қоғаммен тұрақты әрі ашық байланыс орнату. Осы тұрғыдан алғанда «Ауладағы қабылдау» акциясы тұрғындардың мәселесін кабинетте емес, халықтың өз ортасында тыңдап, нақты шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік беретін тиімді формат ретінде ерекшеленеді.
Акция аясында Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ермахан Әділханұлы Абдраманов тұрғындармен «Ауладағы қабылдау» форматында кездесу өткізді. Ашық форматтағы жүздесу барысында азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей полиция басшылығына жеткізіп, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, интернет алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен ақпарат беріп, заң талаптарын сақтау – қоғам тұрақтылығының басты кепілі екенін атап өтті.
Акцияның үшінші күні Қызылорда облысының барлық аудан-қалаларын қамтитын 199 әкімшілік учаскеде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. Бұл кездесулерге барлығы 1474 азамат қатысып, олардың 504-і өз ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді. Бұл көрсеткіш тұрғындардың құқық қорғау органдарымен ашық пікір алмасуға және өз мәселелерін заң аясында шешуге деген қызығушылығының жоғары екенін аңғартады.
Кездесулер барысында көтерілген мәселелердің ауқымы әртүрлі болды. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелерді бейнебақылау камераларымен қамту, жол белгілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысын реттеу, мал ұрлығының алдын алу, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, түнгі тыныштықтың сақталуы, көршілер арасындағы даулар, сондай-ақ интернет алаяқтыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сұрақтар қойылды.
Тұрғындардың басым бөлігінің өтініштері бойынша полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес толық құқықтық түсіндірмелер беріп, заң аясында шешу жолдарын ұсынды. Ал қосымша зерделеуді немесе басқа мемлекеттік органдардың қатысуын қажет ететін мәселелер Қызылорда облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынып, тиісті мекемелермен бірлесіп қаралатын болды.
Мұндай кездесулердің басты ерекшелігі – тұрғындардың мемлекеттік органдарға бармай-ақ, өз ауласында немесе тұрғылықты жерінде құқық қорғау органдарының өкілдерімен тікелей жүздесу мүмкіндігіне ие болуы. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеуге, мәселелерді жедел шешуге және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан бұл акция құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады. Мемлекет басшысы айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес азаматтардың пікірін тыңдау, олардың ұсыныстарын ескеру және өзекті мәселелерді бірлесіп шешу – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін түсіндірді. Сондықтан әрбір азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауы маңызды.
Қызылорда облысы Полиция департаменті өңір тұрғындарын өз аумақтарында өткізілетін «Ауладағы қабылдау» акциясына белсенді қатысуға шақырады. Бұл – полиция қызметкерлерімен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен ашық пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылауға, құқықтық кеңес алуға және заң аясында тиісті көмекке жүгінуге мүмкіндік беретін тиімді қоғамдық диалог алаңы.
Халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мұндай кездесулер қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырып қана қоймай, қоғамдық тәртіптің сақталуына, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға да өз үлесін қосуда.