Азия чемпионына құрмет – ел спортына көрсетілген құрмет.
Қазалы ауданында халықаралық аренада ел мерейін үстем еткен жас спортшыға құрмет көрсетілді. Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған қазалылық боксшы Зарина Толыбай мен оның алғашқы бапкері Руслан Жолбарысовты аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қабылдап, жеңістерімен құттықтады.
Бұл қабылдау – бір спортшының жеңісін атап өту ғана емес, Қазалыда бұқаралық спортты дамытуға, жас таланттарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі болды.
Азия чемпионатында қарсыластарының бәрінен басым түсіп, алтын медальға қол жеткізген Зарина Толыбайдың жеңісі – ұзақ жылғы жаттығудың, темірдей тәртіптің және бапкер мен спортшының үйлесімді еңбегінің нәтижесі.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов өз сөзінде чемпионның жеңісі тек жеке жетістік емес, бүкіл Қазалы ауданының, Сыр өңірінің және Қазақстанның абыройын асқақтатқан маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Бұл – туған жердің тәрбиесін бойына сіңірген, қажырлы еңбектің арқасында халықаралық деңгейде мойындалған жас спортшының жеңісі. Мұндай табыс жастарға үлгі болып, елдің спортқа деген қызығушылығын арттыра түседі, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар ол чемпионды тәрбиелеген ата-анасына, алғашқы бапкері Руслан Жолбарысовқа, жаттықтырушылар құрамына және спорт саласының мамандарына алғысын білдіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спортшылардың жеңісі ел рухын көтеретін маңызды фактор екені жөніндегі пікірін еске салды.
Салтанатты қабылдау барысында аудан әкімі Азия чемпионы Зарина Толыбайға аудан әкімінің арнайы құттықтауын, 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификатты, ал бапкері Руслан Жолбарысовқа Алғыс хат пен 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Бұл марапат – спортшылардың еңбегіне берілген лайықты баға ғана емес, болашақ жеңістерге деген сенімнің белгісі.
Қабылдауға Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбай, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, ардагер спортшы Қуанған Бәкен және спорт ардагерлері қатысты.
Олар Азия чемпионының жеңісі – бүкіл қазақ елінің ортақ қуанышы екенін айтып, Заринаға алдағы халықаралық додаларда да жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектестік білдірді.
Өз кезегінде Азия чемпионы Зарина Толыбай мен бапкері Руслан Жолбарысов көрсетілген құрмет үшін аудан басшылығына және барша қазалылықтарға ризашылықтарын жеткізді.
Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов ақ батасын беріп, чемпионға әлемдік ареналарда Қазақстанның көк Туын биіктете беруіне ақжол тіледі.
Спортқа салынған инвестиция – болашақ чемпиондардың кепілі.
Қазалы ауданында соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы үш жыл ішінде төрт спорт кешені мен бірнеше спорт алаңы пайдалануға берілді. Ал алдағы уақытта Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында тағы екі жаңа спорт кешенінің ашылуы жоспарланып отыр.
Бұл нысандар жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап, жаңа чемпиондардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Зарина Толыбайдың жетістігі де осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі екенін аңғартады.
Азия чемпионының жеңісі – Қазалы спортының әлеуетін айқын көрсеткен тарихи жетістік. Ең бастысы, мұндай табыстар жас ұрпаққа жігер беріп, спорт арқылы ел абыройын асқақтатуға ұмтылатын жаңа буынның қалыптасуына жол ашады. Қазалыдан шыққан жас чемпионның жеңісі – туған жердің ғана емес, тұтас Қазақстанның мақтанышы.