ЖАЛАҒАШТА «HARVEST AGRO» КОМПАНИЯСЫНЫҢ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЛАСТЕР ЖОБАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Агроөнеркәсіптік кластер – Сыр өңірі ауыл шаруашылығының жаңа бағыты.

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі – Жалағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан «Harvest Agro» компаниясының агроөнеркәсіптік кластері. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың жұмыс сапары барысында жобаның іске асу барысымен танысуы бұл бастаманың өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызын айқындай түседі.

Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы ұзақ жылдар бойы негізінен күріш өсіруге сүйеніп келді. Алайда соңғы жылдары су тапшылығының күшеюі егіс құрылымын қайта қарауды талап етті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл облыста күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқартылып, оның орнына суды аз қажет ететін әрі нарықта сұранысқа ие дақылдардың үлесі көбейтілуде. Бұл – климаттық өзгерістерге бейімделудің және ауыл шаруашылығын тұрақты дамытудың маңызды қадамы.

Осы тұрғыдан алғанда Жалағаштағы агроөнеркәсіптік кластердің орны ерекше. Қаракеткен ауылдық округінен бөлінген 22,5 мың гектар жерге техникалық қарасора, жүгері, соя және мақсары өсіріліп қана қоймай, оларды өңдейтін өндіріс кешені қалыптасады. Яғни жоба шикізат өндірумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған толық өндірістік тізбекті қамтиды.

Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануы. Бүгінде егістікте 142 жаңбырлатып суару қондырғысының жұмыс істеуі дәстүрлі суару тәсілдерімен салыстырғанда су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл – су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығын дамытудағы ең өзекті талаптардың бірі.

Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жыл сайын 60 мың тонна техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері және 20 мың тонна соя өңделмек. Өнім тек ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа шығарылуы жоспарланған. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің жаңа нарықтарын қалыптастыруға жол ашады.

Жобаның әлеуметтік тиімділігі де айқын. Қазіргі таңда 26,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 100 тұрақты жұмыс орны ашылған. Егіс пен өндірістік жұмыстарға 50 техника жұмылдырылған. Алдағы кезеңде электр желілерін тарту, су пайдалану лимитін ұлғайту, жаңбырлатып суару жүйесін кеңейту және қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасады.

Жалпы биыл облыста 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді, майлы, мал азықтық және бақша дақылдарының көлемін ұлғайту өңірдің аграрлық секторын әртараптандыру саясатының жүйелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Ал күріштің қазіргі даму кезеңі де бақылауда: егістіктің басым бөлігінде агротехникалық жұмыстар уақытылы жүргізіліп, түптену, түтікке шығу және масақтану кезеңдері жоспарға сай өтуде.

Жалағаштағы «Harvest Agro» жобасы – бір ғана кәсіпорынның құрылысы емес. Бұл – су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және экспорттық әлеуетті күшейтуді көздейтін кешенді агроөнеркәсіптік модель. Мұндай жобалардың көбеюі Сыр өңірінің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беретіні сөзсіз.

БӨЛІСУ