АЙМАҚ БАСШЫСЫ «ҚАМЫСТЫБАС» БАЛЫҚ ПИТОМНИГІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Аралдың балық шаруашылығы: табиғатты сақтаудан экономикалық өсімге дейін

Арал өңірі үшін балық шаруашылығы – жай ғана кәсіп емес, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салты мен өңір экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Бір кездері экологиялық апат салдарынан тұралап қалған сала соңғы жылдары қайта жанданып келеді. Бұл үдерісте табиғи су айдындарын сақтау, балық қорын молайту және өңдеу өнеркәсібін дамыту қатар жүргізілуде. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Арал ауданына жұмыс сапары барысында «Қамыстыбас» балық питомнигінің жұмысымен танысуы да осы бағытқа беріліп отырған басымдықтың көрінісі.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Қамыстыбас» балық питомнигі – еліміздегі бағалы балық түрлерінің табиғи қорын сақтап, оларды көбейтумен айналысатын стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардың бірі. Мұнда тұқы, ақ амур және дөңмаңдай сияқты шаруашылық үшін құнды балық түрлері өсіріледі. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – табиғи су айдындарындағы балық популяциясын қалпына келтіріп, экожүйенің тұрақтылығын сақтау.

Питомниктің қызметі мемлекеттік тапсырыс арқылы жүйелі жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын мұнда 12 миллион бір жаздық және 420 мың екі жаздық шабақ өсіріліп, Арал теңізі мен Сырдария өзеніне жіберіледі. Мұндай көлемдегі шабақтандыру жұмыстары табиғи қордың азаюына жол бермей, кәсіптік балық аулаудың тұрақты дамуына негіз қалайды. Яғни бұл – бүгінгі ғана емес, келешек ұрпақтың да табиғи байлығын сақтауға бағытталған инвестиция.

Балық қорын молайту өңір экономикасына да тікелей әсер етеді. Арал ауданында балық шаруашылығын дамытуға қолайлы Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл бар. Қазіргі таңда Кіші Аралда балықтың 19 түрі мекендейді. Бұл табиғи әлеует өңірдің балық шаруашылығын тұрақты дамытуға жеткілікті мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары өңірде тек балық аулауға емес, оны терең өңдеуге де басымдық беріліп келеді. Қазір Арал өңірінде жылдық өндірістік қуаты шамамен 30 мың тоннаны құрайтын 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар өнімді ішкі нарықпен қатар шетелге де экспорттап, аймақтың экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосуда. Демек, табиғи ресурсты тиімді пайдалану мен өңдеу өнеркәсібін дамыту өзара сабақтас бағыттарға айналып отыр.

Облыс әкімінің табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше назар аударып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беруі де осының айғағы. Бүгінде табиғи байлықты тек пайдалану жеткіліксіз. Оны ғылыми негізде қорғау, көбейту және келешек ұрпаққа сақтап қалу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Аралқұм, Шөміш, Сапақ және Көктем ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мұндай кездесулер өңірдегі нақты мәселелерді жергілікті халықпен бірге талқылауға, мемлекеттік шешімдердің ауыл тұрғындарының сұранысына негізделуіне мүмкіндік береді.

Жалпы, Аралдағы балық шаруашылығы бүгінде экология, экономика және әлеуметтік тұрақтылықты тоғыстырған салаға айналып келеді. Бір жағынан табиғи қор қалпына келтірілсе, екінші жағынан жаңа жұмыс орындары ашылып, экспорттық өнім көлемі артуда. Сондықтан «Қамыстыбас» балық питомнигінің жұмысы мен өңдеу кәсіпорындарының дамуы Арал өңірінің ғана емес, Қазақстанның балық шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі деп бағалауға болады.

БӨЛІСУ