Санитарлық тазалық – ортақ міндет
Аудан әкімінің төрағалығымен өткен кезекті мәжілісте ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Жиында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мәселелері қаралып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаны тазарту шараларымен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыру және тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру. Сондықтан акцияның тиімділігі әрбір мемлекеттік мекеме мен қоғамдық ұйымның ғана емес, әрбір тұрғынның белсенділігіне де тікелей байланысты.
Мәжілісте аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарының сапасына ерекше назар аударды. Әсіресе, Шалқия тасжолы бойындағы тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін жауапты аумақтар нақтыланып, әр мекеме мен ұйымға нақты бөліністер бекітілді. Бұл – жауапкершілікті күшейтіп, жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуына ықпал ететін маңызды ұйымдастырушылық қадам.
Жиында елді мекендерді абаттандыру мәселесі де кеңінен сөз болды. Көшелерді көркейту, ағаш отырғызу, жасыл желек көлемін арттыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатын негізгі факторлардың бірі. Таза әрі көрікті орта халықтың денсаулығына оң әсер етіп қана қоймай, ауданның инвестициялық және туристік тартымдылығын да арттыра түседі.
Санитарлық тазалық жұмыстарының жүйелі жүргізілуі үшін тек сенбіліктер өткізумен шектелу жеткіліксіз. Тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару, заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу, көшелер мен қоғамдық орындарды тұрақты күтіп ұстау – тұрақты бақылауды қажет ететін жұмыстар. Бұл ретте жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысы мен тұрғындардың азаматтық жауапкершілігі қатар жүруі тиіс.
Жиын қорытындысында жауапты сала басшыларына бекітілген жоспарлардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шараларды үздіксіз жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Қоршаған ортаның тазалығы – қоғам мәдениетінің айнасы. Сондықтан аудан көлемінде қолға алынған жұмыстардың нәтижелі болуы әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігіне байланысты. «Таза Қазақстан» акциясының басты құндылығы да осы – туған жердің тазалығы мен көркеюіне барша жұртшылықтың бірлесе үлес қосуы.