Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қолданысқа енгізілуіне арналған қала активінің кеңейтілген отырысы өтті. Қала әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылған маңызды жиын ел өміріндегі тарихи оқиғаның мәні мен маңызын жан-жақты саралауға арналды.
Актив отырысына зиялы қауым өкілдері, еңбек және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, мемлекеттік мекеме басшылары мен белсенді жастар қатысты. Бұл – жаңа Конституцияның тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды құжат екенін көрсететін кең ауқымды басқосу болды.
Жиында сөз алған қала әкімі Нұржан Сәбитұлы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуі еліміздің даму тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті.
– Бүгін тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық негізін қалыптастыратын басты құжат – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Баршаңызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Жаңа Қазақстанның жаңа кезеңіне қадам басуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің саяси және құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталған маңызды тарихи қадам, – деді қала басшысы.
Айтылғандай, Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, елдің даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Оның қағидаттары мемлекеттік биліктің барлық тармағының қызметіне негіз болып, қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етеді. Сондықтан жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды реформалардың заңдық негізін қалыптастырады.
Басқосуда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев сөз сөйлеп, жаңа Конституция халықтың еркін білдіретін және елдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет ететін құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, заң үстемдігі орныққан мемлекетте ғана тұрақты даму мен қоғамдық келісім сақталады.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы құқықтық реформалардың сабақтастығына тоқталып, Конституцияның қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы ерекше рөлін айтты. Ардагерлердің пікірінше, мемлекеттің басты құндылығы – адам және оның құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан жаңа Конституция осы құндылықтарды қорғаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады.
Қызылорда облыстық мәслихатының бірнеше шақырылымының депутаты болған ақын Шаһизада Әбдікәрімов ұлттық құндылықтар мен құқықтық мәдениеттің өзара сабақтастығына тоқталды. Ол заңға құрмет пен әділдік қағидаттары халқымыздың сан ғасырлық рухани дүниетанымымен үндесетінін айтып, жаңа Конституция азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға қызмет етуі тиіс екенін жеткізді.
Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас жаңа Конституцияның тарихи және саяси маңызына ғылыми тұрғыдан талдау жасады. Оның айтуынша, әр кезеңнің өз даму ерекшелігіне сәйкес құқықтық негізі жаңарып отырады. Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан заңдылық. Қазақстан да заман талабына сай басқару жүйесін жетілдіру арқылы құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып келеді.
Жиында Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Анар Ізден азаматтық қоғам институттарының рөліне тоқталды. Оның пікірінше, жаңа Конституция мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, қоғамдық бақылау мен ашықтық қағидаттарын дамытуға жаңа серпін береді.
Жиын барысында жаңа Конституцияның еліміздің құқықтық жүйесін жетілдірудегі орны, заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқару сапасын арттыру, қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар жаңа Конституция Қазақстанның демократиялық дамуына тың серпін беретінін, қоғамдық келісімді нығайтып, әділетті қоғам қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті.
Актив отырысының қорытындысында Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыру жөніндегі міндеттер нақтыланды. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй құрылысын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамалары аясындағы жобаларды сапалы іске асырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Бұл бастамалардың барлығы жаңа Конституцияда айқындалған құқықтық мемлекет қағидаттарымен өзара сабақтасып, қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жиын соңында жаңа Конституцияның мазмұны мен тарихи маңызы туралы мазмұнды пікір білдірген спикерлерге Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының арнайы басылымы салтанатты түрде табысталды.
Жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған қала активінің бұл отырысы ел өміріндегі тарихи өзгерістерді кеңінен түсіндіруге бағытталған маңызды қоғамдық алаңға айналды. Қатысушылар жаңа құқықтық құжаттың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғау екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасуы Жаңа Қазақстанды құру жолындағы ортақ жауапкершілік пен бірліктің нақты көрінісі болмақ.