Қармақшы ауданында өткен облыстық арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өз мәресіне жетті
Қармақшы ауданында он күн бойы жалғасқан облыстық «Айбын – 2026» арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы табысты қорытындыланды. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды шараға өңірдің күштік құрылымдары мен арнайы қызмет өкілдері қатысып, төтенше жағдайлар мен түрлі қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктері пысықталды.
Оқу-жаттығудың аяқталуына орай №284 мамандандырылған мектеп-интернатында салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, әскери бөлімдердің басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және оқу-жаттығуға қатысушылар қатысты.
Шара барысында алдымен әскери техникалар мен қару-жарақтың көрмесі ұйымдастырылып, оқу-жаттығу кезінде қолданылған арнайы техника мен заманауи құрал-жабдықтар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме әскери бөлімдердің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін көрсетіп қана қоймай, олардың кез келген төтенше жағдайға әзір екенін де аңғартты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы оқу-жаттығудың маңызына тоқталып, оған қатысқан барлық азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Он күнге созылған оқу-жаттығу ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы маңызды шаралардың бірі болды. Қатысушылар кәсіби шеберліктерін, тәртіп пен жауапкершіліктерін жоғары деңгейде көрсетті. Жүктелген міндеттерді сапалы орындау арқылы ел тыныштығын қорғауға әрдайым дайын екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Мемлекет басшысы, Үкімет және облыс басшылығы тарапынан қорғаныс саласын дамытуға, әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Сіздердің Отан алдындағы адал қызметтеріңіз – ел қауіпсіздігінің басты кепілі, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында оқу-жаттығу кезінде жоғары кәсіби дайындық танытып, ерекше белсенділігімен көзге түскен бірқатар әскери қызметшілер мен сала мамандары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл марапат олардың жауапкершілігі мен қызметіне берілген жоғары баға болды.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының патриоттық әндеріне ұласып, елдік пен ерлікті дәріптеген концерттік бағдарлама ұсынылды. Шара соңында аға буын өкілдері жастарға ақ батасын беріп, ел тыныштығы мен бірлігіне тілектестіктерін білдірді.
Айта кету керек, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін облыстық маңызы бар «Айбын» арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы күштік құрылымдардың өзара іс-қимылын жетілдіруге, төтенше жағдайларға ден қою қабілетін арттыруға және кәсіби дайындықты шыңдауға бағытталған. Биылғы оқу-жаттығуға Қармақшы ауданынан 100-ден астам қызметкер жұмылдырылып, барлық жоспарланған оқу кезеңдері толық көлемде орындалды.
Мұндай ауқымды жаттығулар әскери құрылымдар мен арнайы қызметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіріп қана қоймай, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.