ҚАЛАМ ИЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ – ҚОҒАМҒА ҚҰРМЕТ

Қармақшы ауданында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты қабылдау өтті.

Қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистердің еңбегі – уақытпен өлшенбейтін жауапкершілік. Ел өміріндегі әрбір маңызды оқиғаны дер кезінде халыққа жеткізіп, шынайы ақпарат тарату арқылы қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ететін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қармақшы ауданында салтанатты қабылдау ұйымдастырылды.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес өткен іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов төрағалық етті. Жиынға ауданның ақпарат саласында еңбек етіп жүрген журналистер, редакторлар, баспагерлер, операторлар, фотографтар және сала ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиында Самат Қыдырбекұлы аудан әкімі атынан БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.

– Ақпарат – қоғамның айнасы, ал журналист – сол айнадағы шындықтың жаршысы. Сіздер ауданымыздағы игі бастамалар мен маңызды жаңалықтарды халыққа жедел әрі шынайы жеткізіп, ел мен билік арасындағы байланысты нығайтуға елеулі үлес қосып келесіздер. Кәсіби жауапкершілік пен адалдықты серік еткен еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Баршаңызға шығармашылық табыс, тың идеялар және толайым жетістіктер тілеймін, – деді ол.

Мерекелік шара барысында ауданның ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар БАҚ қызметкерлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл марапаттар – кәсіби шеберлік пен ұзақ жылғы адал еңбектің лайықты бағасы болды.

Іс-шарада сөз алған «Сыр дидары» газетінің меншікті тілшісі Қуанышбек Төреев журналистикадағы жауапкершілік пен кәсіби бірліктің маңызын атап өтті. Сала ардагері Күлжаухар Раева кейінгі буын журналистеріне ақ батасын беріп, қазақ журналистикасының қоғам алдындағы миссиясы туралы ой бөлісті. Ал аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, өңірлік ақпарат құралдарының ел өміріндегі орнына тоқталды.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасып, журналистер өз ойларын ортаға салып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар алдағы уақытта өңірлік журналистиканы дамыту, ақпарат сапасын арттыру және жаңа медиа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері де сөз болды.

Айта кетейік, Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 2019 жылдан бастап ресми түрде 28 маусым күні атап өтіледі. Бұл күн – журналистердің ғана емес, редакторлар, операторлар, фотографтар, дизайнерлер, баспагерлер және медиа саласының барлық мамандарының еңбегіне көрсетілетін құрметтің белгісі.

Қоғамдағы жариялылық пен ашықтық қағидаттарын нығайтып, ел өмірінің шежіресін жасап жүрген қалам иелеріне көрсетілген құрмет – олардың еңбегіне берілген жоғары баға әрі шығармашылық ізденістерге серпін беретін маңызды қадам.

БӨЛІСУ