АУЫЛДЫҢ ТЫНЫСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Ауылдарды дамыту – мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Ел Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен тұрақты жүздесуі жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді анықтап, олардың шешу жолдарын қарастырудың тиімді тетігіне айналды. Ашық диалог тұрғындардың талап-тілегін тыңдап қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын түсіндіруге және елді мекендердің алдағы даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Осыған сәйкес 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халықпен есептік кездесулері Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл, Мәдениет және Мырзабай ахун ауылдық округтерінде өтті. Кездесулер барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жан-жақты сараланып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар таныстырылды. Сонымен бірге тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ауылдарды дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Аудан басшысы өз баяндамасында өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен ауылдардың әлеуетін арттырумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондықтан елді мекендерде инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, көше жолдарын жөндеу, тұрғындарды сапалы ауыз және техникалық сумен қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу басты назарда екенін жеткізді.

Аққыр ауылдық округінде биылғы жылы ауылдың жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында маңызды жұмыстар атқарылды. Елді мекендегі үш көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыстар толық аяқталды. Нәтижесінде тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасалып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артты. Жаңарған көшелер ауылдың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына оң әсерін тигізіп отыр.

Жаңаталап ауылдық округінде ауыл шаруашылығы мен көркейту жұмыстарына басымдық берілуде. Елді мекенді көгалдандыру мақсатында арнайы каналдар қазылып, жасыл желектерді суару жүйесін дамытуға негіз қаланды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының үй іргелік жерлерін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін үш техникалық су ұңғымасы бұрғыланды. Бұл жұмыстар тұрғындардың бау-бақша шаруашылығын дамытуына, жердің тиімді игерілуіне және ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді.

Мақпалкөл ауылдық округінде де ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Ауылды көркейту және көгалдандырумен қатар тұрғындарды кәсіпкерлікке баулу, мемлекеттік гранттар арқылы жаңа бизнес бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде. Сонымен қатар елді мекеннің ішкі көшелерін кезең-кезеңімен жөндеу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, алдағы уақытта оларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Мәдениет ауылдық округінде де инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл көше жарықтандыру жұмыстары атқарылып, тұрғындардың кешкі уақыттағы қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалды. Сонымен бірге Жаңақоныс көшесін күрделі жөндеуге бюджеттік өтінім жолданып, жоба қазіргі таңда қаржыландыру кезеңінде тұр. Қаржы бөлінгеннен кейін жол құрылысы басталып, ауылдың көлік инфрақұрылымы тағы бір маңызды жобамен толықпақ.

Мырзабай ахун ауылдық округінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Ауыл көшелеріне жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына жағдай жасалды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ішкі көшелерге бейнебақылау камералары қойылды. Заманауи бақылау жүйесінің енгізілуі құқық бұзушылықтың алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Кездесу барысында аудан басшысы барлық аталған ауылдық округтерде электр желілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті. Электр инфрақұрылымын жаңғырту – тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етудің негізгі шарты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өндірістік жобалардың жүзеге асуына, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына оң ықпал етпек.

Есептік кездесулердің маңызды бөлігі – тұрғындардың пікірін тыңдау болды. Ауыл тұрғындары көше жөндеу, электр энергиясының сапасы, су мәселесі, ауыл шаруашылығын қолдау, мәдениет пен спортты дамыту, жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Әрбір көтерілген мәселе бойынша аудан әкімі нақты түсіндірме беріп, жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Жалпы, бүгінгі таңда аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі екенін аңғартады. Жолдардың жөнделуі, инженерлік желілердің жаңартылуы, көшелердің жарықтандырылуы, қоғамдық қауіпсіздіктің күшеюі, кәсіпкерлікті қолдау және ауылдарды абаттандыру бағытындағы жобалар елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға негіз болып отыр.

Халықпен кездесулер қорытындысында аудан әкімі тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Өйткені ауылдың дамуы – әрбір тұрғынның әл-ауқатының артуы, ал халықтың сенімі мен белсенділігі – өңірдің тұрақты дамуының басты кепілі.

БӨЛІСУ