Білім беру саласын дамыту және өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім беру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы өңірлердегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға және оқушыларға қолайлы білім ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды.
Осыған орай облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов пен облыстық мәслихаттың Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, депутат Бауыржан Сандыбаев қала аумағында «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған білім беру ұйымдарының жай-күйімен танысты.
Жұмыс сапары барысында жаңа үлгідегі мектептердің материалдық-техникалық базасы, оқу кабинеттерінің заманауи жабдықталуы және инфрақұрылымдық мүмкіндіктері назарға алынды. Бүгінгі таңда білім сапасын арттыруда тек оқыту бағдарламасының мазмұны ғана емес, білім алушыға жасалған жағдайдың да маңызы зор. Сондықтан жаңа мектептердің техникалық жарақтандырылуы мен білім беру кеңістігінің заманауи талаптарға сәйкестігі ерекше мәнге ие.
Аралау кезінде мәслихат өкілдері мектеп басшыларымен кездесіп, оқу орындарының қазіргі жағдайы, кездесіп отырған мәселелері және алдағы даму жоспарлары жөнінде пікір алмасты. Бұл өз кезегінде білім беру ұйымдарының нақты қажеттіліктерін анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары өңірде білім беру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жаңа мектептердің салынуы үш ауысымды оқыту мәселесін азайтып, оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасауда. Сонымен қатар мұндай білім ордалары заманауи зертханалармен, цифрлық технологиялармен және пәндік кабинеттермен жабдықталып, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Білім беру саласына инвестиция салу – елдің болашағына салынған инвестиция. Сондықтан «Келешек мектептері» жобасы тек жаңа ғимараттар салумен шектелмей, сапалы білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық қадам ретінде бағаланады.
Бәсекеге қабілетті, білімді әрі шығармашыл ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет дамуының басты кепілі. Осы тұрғыдан алғанда жаңа мектептердің тиімді жұмыс істеуі, білім беру сапасының жоғары болуы және оқушыларға қолайлы жағдай жасалуы облыстық мәслихаттың тұрақты бақылауында болады. Бұл жұмыстар өңірдегі білім беру саласының дамуына серпін беріп, болашақта білікті мамандар мен ел дамуына үлес қосатын жас буынның қалыптасуына негіз қалайды.