Тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қасиетті орындарды күтіп ұстау және оларды келер ұрпаққа аман жеткізу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Өткеннің өнегесін бүгінмен байланыстыратын киелі орындар халықтың рухани жадын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етеді. Осы мақсатта Қармақшы ауданында тарихи және қасиетті нысандарды сақтау мен абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Осыған орай аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауданның зиялы қауым өкілдерімен және ардагерлерімен бірге қасиетті мекен саналатын Түмен әулие кесенесіне арнайы барып, тарихи нысанның қазіргі жай-күйімен танысты. Сапар барысында кесенені күтіп ұстау, абаттандыру және алдағы уақытта жүргізілетін жөндеу жұмыстарының бағыт-бағдары талқыланды.
Кездесу барысында көпшілік назары Түмен әулиенің өмір жолы мен халқына сіңірген еңбегіне ауды. Түмен Қаражігітұлы XIX ғасырда өмір сүрген, ел арасында ерекше емшілік қасиетімен танылған тарихи тұлға ретінде халық жадында сақталған. Ол табиғаттың шипалы қасиеттерін терең меңгеріп, түрлі өсімдіктерді пайдалану арқылы ем жүргізген. Әсіресе шөппен емдеу тәсілдерін жетік білген шипагер көптеген адамдардың дертіне дауа тауып, халықтың алғысына бөленген.
Түмен әулие туралы ел арасында бүгінге дейін сақталған аңыздар мен әңгімелер аз емес. Оның емшілік қасиеті мен көрегендігі жөніндегі тарихи деректер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сондықтан да оның есімі Сыр өңірінің рухани тарихымен біте қайнасқан тұлғалардың қатарында аталады.
Бүгінде Түмен әулие кесенесі Қармақшы өңіріндегі маңызды тарихи-мәдени және зиярат орындарының біріне айналған. Жыл сайын мұнда өңір тұрғындары ғана емес, еліміздің әр аймағынан келетін зияратшылар мен қонақтар да арнайы ат басын бұрады. Бұл нысан халқымыздың рухани мұрасын танытатын қасиетті орын ретінде ерекше құрметке ие.
Тарихи нысан уақыт талабына сай бірнеше рет жаңғыртудан өткен. Соның ішінде 2011 жылы кесенеде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, сәулеттік келбеті жаңартылған болатын. Алайда кез келген тарихи ғимарат тұрақты күтім мен ұқыпты қарауды қажет етеді. Сондықтан кесененің қазіргі жағдайын зерделеу және алдағы жұмыстарды жоспарлау маңызды міндеттердің бірі саналады.
Сапар барысында кесененің сәулеттік жағдайы мұқият қаралып, күмбез бөлігін әрлеу және сырлау жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар аумақтың санитарлық жағдайы, келушілер үшін қолайлы орта қалыптастыру және абаттандыру шаралары жөнінде ұсыныстар айтылды.
Аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы киелі орындардың тарихи және рухани маңызына тоқталып, мұндай нысандарды сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Ол жауапты сала басшыларына кесененің тарихи келбетін бұзбай, барлық жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын сапалы әрі талапқа сай ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ тарихи орындарды сақтау тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені айтылды. Өйткені қасиетті орындар – халықтың өткені мен бүгінін байланыстыратын рухани көпір, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі.
Түмен әулие кесенесі секілді тарихи нысандарды қорғау, насихаттау және олардың инфрақұрылымын дамыту өңірдің туристік әлеуетін арттыруға да ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Сыр өңірінің бай тарихын кеңінен танытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді.
Қармақшы ауданында тарихи-мәдени мұраларды сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Өйткені бабалар аманатын көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі буынның қасиетті парызы. Киелі орындарға деген құрмет ұлт тарихына деген құрметпен өлшенеді. Сондықтан Түмен әулие кесенесі тәрізді қасиетті мекендерді күтіп ұстау – өткенге тағзым жасап, болашаққа өнеге қалдырудың жарқын көрінісі.