Қызылорда қаласының тұрғындары үшін жаз мезгілі – серуен мен демалыстың қызатын шағы. Әсіресе балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін мәдениет және демалыс саябағы бұл күндері келушілерге лық толы. Сондықтан мұндай орындарда қауіпсіздік мәселесі бірінші кезекке шығатыны заңдылық.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қалалық мәдениет және демалыс саябағына арнайы барып, ондағы жұмыстармен танысуы осы бағытқа беріліп отырған ерекше мәнді аңғартады. Өткен жылы 6,3 миллиард теңгеге жаңғыртылған саябақ бүгінде қаланың көрікті орындарының біріне айналды. Алты гектар аумақты алып жатқан нысанда 21 аттракцион жұмыс істеп, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Дегенмен кез келген заманауи саябақтың тартымдылығы тек жаңа аттракциондармен немесе әдемі инфрақұрылыммен өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші – келушілердің қауіпсіздігі. Әлемдік тәжірибеде аттракциондардағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі техникалық талаптардың сақталмауынан немесе қауіпсіздік ережелерінің ескерілмеуінен орын алады. Сондықтан аймақ басшысының техникалық бақылау, профилактикалық жұмыстар, санитарлық тазалық және қоғамдық тәртіп мәселелеріне ерекше назар аударуы орынды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек жауапты мекемелердің ғана емес, ата-аналардың да ортақ міндеті. Аттракциондардың жанында арнайы нұсқаушы мамандардың болуы, қауіпсіздік ережелерінің түсіндірілуі, жабдықтардың тұрақты тексерістен өткізілуі – қауіптің алдын алудың негізгі тетіктері. Бұл талаптар сақталған жағдайда ғана саябақ тұрғындар үшін шынайы демалыс орнына айналады.
Бүгінде Қызылордада қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Қалалық саябақтың қайта жаңартылуы соның жарқын көрінісі. Ендігі міндет – салынған нысандардың сапалы жұмысын қамтамасыз етіп, олардың қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау.
Өйткені балалардың шат күлкісі мен тұрғындардың алаңсыз демалысы – кез келген қоғамдық кеңістіктің басты жетістігі. Ал қауіпсіздік пен тазалық сақталған жерде демалыстың да сәні кіретіні сөзсіз.