Халық денсаулығы – мемлекеттің ең басты байлығы. Сондықтан медициналық қызметтің сапасын арттыру, тұрғындарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емдеу мекемелерімен қамту бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналған. Бұл бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нақты көрінісі ретінде Жаңақорған ауданындағы денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жобаларды атауға болады.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ауданға жұмыс сапары барысында Жаңақорған көпбейінді орталық ауруханасына жапсарлас салынған жаңа медициналық ғимараттың құрылысымен танысты. Медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бұл жоба аудан тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына тың серпін бермек.
Жаңа нысанның құрылысы тұрғындардың жоғары технологиялық диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылған. Құрылыс жұмыстарын «Дәнекер құрылыс компаниясы» жүргізіп, жобаға 792 миллион теңге қаржы жұмсалған. Жалпы аумағы 1212 шаршы метрден асатын екі қабатты ғимарат заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Мұнда цокольдік қабат қарастырылған және тоғыз төсек-орынға арналған бөлім жұмыс істейтін болады.
Жобаның басты ерекшелігі – жаңа ғимаратқа магниттік-резонанстық томография аппаратының орнатылуы. Бүгінде МРТ зерттеуі көптеген ауруларды ерте кезеңде анықтауда аса маңызды диагностикалық құрал саналады. Әсіресе жүйке жүйесі, омыртқа, буын, жүрек-қан тамырлары және ішкі ағзалар ауруларын анықтауда оның маңызы зор.
Осы уақытқа дейін аудан тұрғындары мұндай күрделі зерттеулерден өту үшін облыс орталығына немесе басқа өңірлерге баруға мәжбүр болатын. Ал жаңа аппарат іске қосылғаннан кейін тұрғындар уақыт пен қаржыны үнемдеп, қажетті медициналық қызметті өз ауданында ала алады. Бұл өз кезегінде ауруларды ерте анықтау көрсеткішін жақсартып, емдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңақорған көпбейінді орталық ауруханасы бүгінде аудан халқының негізгі медициналық тірегіне айналған. 245 төсек-орынға арналған мекеме бірнеше блоктан тұратын заманауи медициналық кешен ретінде жұмыс істейді. Ауруханада хирургия, терапия, перзентхана, гинекология, жұқпалы аурулар, реанимация және нейрореабилитация бөлімшелері халыққа үздіксіз қызмет көрсетуде.
Сондай-ақ мұнда зертханалық диагностика, компьютерлік томография, рентгенологиялық зерттеулер, ультрадыбыстық диагностика, сәулемен емдеу, трансфузиология және күндізгі стационар қызметтері жолға қойылған. Жүкті әйелдерге арналған арнайы ультрадыбыстық зерттеу құрылғыларының болуы ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстың сапасын арттыра түскен.
Медициналық көмектің қолжетімділігі тек ғимарат пен құрал-жабдыққа ғана емес, білікті мамандарға да байланысты. Қазіргі таңда ауруханада 1520 қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері және техникалық мамандар бар. Бұл ұжым аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау жолында тәулік бойы қызмет атқарып келеді.
Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемінің артуы нәтижесінде өңірдегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа технологиялар енгізілуде. Жаңақорғандағы жаңа диагностикалық ғимарат осы жұмыстардың заңды жалғасы болып табылады.
Бүгінде әлемдік тәжірибе медицинаның басты міндеті ауруды емдеу ғана емес, оның алдын алу екенін көрсетіп отыр. Ал алдын алу шараларының тиімділігі ең алдымен сапалы диагностикаға байланысты. Сондықтан жаңа МРТ орталығы аудан медицинасының дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.
Жалпы алғанда, Жаңақорған ауданында денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағытындағы жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Заманауи инфрақұрылым, жаңа технологиялар және білікті мамандардың үйлесімді жұмысы аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға және өңірдің әлеуметтік дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.