Бүгін Қызылорда қаласының Орталық алаңында Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ерекше форматтағы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Облыстық білім басқармасының бастамасымен өткен шараға 500 студент қатысты. Білім алушылар арнайы қағаздар арқылы алып QR код құрастырды. Флешмоб дрон көмегімен түсіріліп, орталық алаңдағы LED экраннан көрсетілді.
Іс-шара барысында тұрғындар мен қала қонақтары QR кодты сканерлеу арқылы балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігіне арналған арнайы бейнероликті тамашалады. Бейнероликте судағы қауіпсіздік, жол қозғалысы ережелері, өрт қауіпсіздігі, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қамтылған.
Аталған QR код пен бейнематериал өңірдегі барлық білім беру ұйымдарына, ата-аналар чаттарына және жазғы сауықтыру лагерьлеріне жолданады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының ресми әлеуметтік желі парақшаларында кеңінен насихатталатын болады.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл бастама қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға ықпал етеді.