Жосалы кентінің орталық алаңында аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Ел іші – өнер кеніші» атты мәдени жобаның кезекті маусымы салтанатты түрде ашылды.
Бұл жоба ауданның мәдени өмірінде өзіндік орны бар, жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын насихаттап, ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған игі бастамаға айналып отыр. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп, өнердің ұлт руханиятындағы орнына тоқталды.
– Өнер – халықтың рухани байлығы, ұлтымыздың асыл қазынасы. Халқымыздың тарихы мен тағылымы, салт-дәстүрі осы өнер арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Өткен жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба жергілікті таланттардың танылуына және мәдени байланыстың нығаюына ықпал етуде, – деді ол.
Концерттік бағдарлама барысында Төретам кенті мен Тұрмағамбет ауылынан келген өнерпаздар ән мен күйден, би мен сахналық қойылымдардан шашу шашып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе ұлттық нақыштағы туындылар көпшіліктің көңілінен шығып, рухани әсер сыйлады.
Қазіргі уақытта жаһандану үдерісі ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың маңызын арттыра түсуде. Осы тұрғыдан алғанда «Ел іші – өнер кеніші» жобасы халық шығармашылығын қолдап қана қоймай, жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға да қызмет етуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тағылымды кештер қыркүйек айына дейін әр сенбі сайын Жосалы кентінің орталық алаңында жалғасады. Онда ауданға қарасты кент пен ауылдық округтердің өнерпаздары өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынатын болады.
Өнерді ұлықтаған мұндай шаралар елдің мәдени әлеуетін арттырып, ұлттық руханияттың дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.