Қазақ халқы қашанда елге қызмет еткен азаматтарын ұлықтап, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп отырған. Бұл – ұлттың тарихи жадын сақтап, рухани сабақтастықты жалғастырудың маңызды тетігі. Осы тұрғыдан алғанда Жаңақорған ауданында өткен тағылымды іс-шараның мәні ерекше болды. Өйткені бұл жиын тек ас беріп, Құран бағыштаумен шектелген жоқ. Ол елге адал қызмет етудің, азаматтық жауапкершіліктің және адамгершілік құндылықтардың қадірін ұғындырған рухани басқосуға айналды.
Биыл Сыр өңірі үшін айрықша жыл. Бір жағынан еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы арқылы халықтың құрметіне бөленген Машбек Сапарбайұлы Нәлібаевтың туғанына 100 жыл толса, екінші жағынан мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты еске алу күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл екі дата бір әулеттің ғана емес, тұтас өңірдің тарихымен сабақтасып жатқан маңызды оқиғалар деуге болады.
Жаңақорған аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды жиында қос тұлғаның рухына Құран бағышталып, ас берілді. Бұл қазақ халқының ата-баба рухына құрмет көрсету дәстүрінің бүгінгі күні де өз мәнін жоғалтпағанын аңғартады. Ұлттың рухани құндылықтары дәл осындай шаралар арқылы жаңғырып, ұрпақ санасына сіңеді.
Жиынға облыс пен ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен ел ағаларының қатысуы шараның қоғамдық маңызын арттыра түсті. Өйткені халықтың жүрегінен орын алған азаматтар туралы естеліктер мен тағылымды әңгімелер олардың өмір жолын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Көпшілік алдында сөз сөйлеген облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов пен аудан әкімі Мәжит Самитов қос тұлғаның ел алдындағы еңбектеріне тоқталды. Шын мәнінде, Машбек Нәлібаевтың ғұмыры қарапайым еңбек адамының биік адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленсе, Бердібек Сапарбаевтың өмір жолы мемлекет басқару ісіндегі жауапкершілік пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде бағаланады.
Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың есімі Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі мемлекеттік басқару жүйесімен тығыз байланысты. Ол әр жылдары түрлі жауапты қызметтерді атқарып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Қай қызметте жүрсе де халықпен етене жақын болып, қарапайым азаматтардың мұң-мұқтажына ерекше көңіл бөлген басшы ретінде ел жадында қалды.
Ал Машбек Сапарбайұлының өмір жолы еңбек адамының мәртебесін айшықтайтын тағылымды тағдыр. Оның адал еңбегі мен тәрбиесі нәтижесінде елге қызмет етуді өмірлік мұрат еткен ұрпақ өсіп шықты. Сондықтан бұл екі тұлғаның өмір жолы бір-бірімен өзара сабақтасып жатқан үлкен өнеге мектебі деуге болады.
Жиында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсебаев пен қоғам қайраткерлері Ибрагим Әбибуллаев, Бақыт Нұртазаев марқұмдардың азаматтық келбеті туралы естеліктерімен бөлісті. Мұндай естеліктер ресми марапаттардан да маңызды. Өйткені тұлғаның шынайы болмысын оның замандастарының жүрекжарды пікірлері арқылы тануға болады.
Осы күні облыс орталығында таныстырылған «Сапарбаев тұлғасы» кітабының жарық көруі де маңызды рухани оқиға болды. Бұл еңбек тек бір адамның өмірбаянын баяндайтын кітап емес, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі мемлекеттік қызметтің, ел басқару тәжірибесінің және азаматтық ұстанымның шежіресі іспетті. Мұндай кітаптар кейінгі буын үшін тарихи дереккөзі әрі тәрбиелік құрал ретінде құнды.
Жалпы, ұлттың дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Рухани құндылықтарды сақтау, елге қызмет еткен азаматтарды ұлықтау және олардың өнегесін жастарға насихаттау да қоғамның кемелденуінің маңызды көрсеткіші. Жаңақорғанда өткен тағылымды жиын осы міндеттердің үдесінен шыққан мазмұнды шара болды.
Халқына адал қызмет еткен Машбек Нәлібаев пен Бердібек Сапарбаевтың есімдері уақыт өткен сайын биіктей түспек. Өйткені адамды ұлықтайтын – лауазымы емес, артында қалған ізгі ісі мен ел жадында сақталған жақсы аты. Ал қос тұлғаның өмір жолы мен еңбегі келер ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала беретіні анық.